Азия чемпионаты: Қазақстандық тоғыз боксшы ширек финалға шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бокстан Азия чемпионатында жігіттер арасында қазақстандық тоғыз былғары қолғап шебері ширек финалға жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, Азия чемпионаты Таиланд астанасы - Бангкок қаласында өтіп жатыр. Онда еліміздің жігіттер құрамасы 10, қыздар құрамасы 10 салмақта сынға түсуге мүмкіндік алған болатын.

Жарыстың үшінші күнінде Әнуар Мұзаппаров (52 келі), Асланбек Шымбергенов (69 келі), Назым Қызайбай (51) келі), Бек Нұрмағанбет (81 келі), Закир Сафиуллин (60 келі), Римма Волосенко (60 келі) шықты. Олардың арасында Әнуар Мұзаппаровтан өзгесі жарысты жалғастыруға қол жеткізді. Ол бүгін қырғыз жігіті Азат Үсенәлиевтен жеңіліп қалды.

Жарыстың екінші күнінде қазақстандық боксшы Сәния Сұлтанқызы 1/16 финалда тәжікстандық Мижгона Самадоваға есе жіберіп қойды.

Бүгін жекпе-жектерде біздің жігіттер тәп-тәуір ойын көрсетті. Асланбек Шымбергенов таиландтық Сайлос Ардиді, Бек Нұрмағанбет кувейттік Бадер Альмутаириді, Закир Сафиуллин вьетнамдық Дат Ву Тханхты, Назым Қызайбай өзбек қызы Ферангиз Хосимованы, Римма Волосенко филиппиндік Сабрину Бинте Мод Файзалды тізе бүктірді.

Бұдан бұрын ширек финалға Василий Левит (91 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары), Тұрсынбай Құлахмет (75 келі), Қайрат Ерәлиев (56 келі), Теміртас Жүсіпов (49 келі), Алуа Балқыбекова (48 келі), Дина Жоламан (54 келі), Милан Сафронова (64 келі) шықты.

Жеребе нәтижесімен Дариға Шәкімова (69 келі) мен Ақерке Бақытжан (75 келі) бірден 1/4 финалға жолдама алса, Фариза Шолтай (81 келі) мен Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары) бірден жартылай финалда сынға түседі.

Соңғы жаңалықтар