Азия чемпионаты: Қазақстандық боксшы қыздардың финалдағы қарсыластары кім

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Иордания астанасы Амман қаласында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатының финалында әйелдер арасында төрт қазақстандық спортшы алтын жүлде үшін таласады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұрымдылар арасында финалдық бәсекелер 11 қараша күні өтеді.

Соңғы жекпе-жекте Азия чемпионы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Алуа Балқыбекова 48 келіге дейінгі салмақта жапониялық Като Хикарумен айқасады.

Ел құрамасындағы атақты спортшылардың бірі Жайна Шекербекова (54 кг) таиландтық Джутамас Джитпонгпен жұдырықтасады.

Әлем чемпионатының қола жүлдегері Карина Ибрагимова (57 кг) Токио олимпиадасының жеңімпазы, тағы бір жапониялық Ирие Сенамен қолғап түйістіреді.

Гүлсая Ержан (81 кг) үндістандық Савитимен шеберлік байқасады.

Финалға Үндістан мен Жапониядан бес боксшыдан шығып отыр. Қазақстаннан төртеу болса, Өзбекстан, Таиланд және Оңтүстік Кореядан екі-екіден, Вьетнам, Тайбэй, Монғолия және Иорданиядан бір-бір спортшы өз елдерінің намысын қорғайды.

Бес қазақстандық боксшы Назым Қызайбай (50 кг), Жазира Орақбаева (52 кг), Мәдина Нұршаева (66 кг), Дариға Шәкімова (70 кг) және Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) чемпионатты қола жүлдемен қорытындылады.

Азия чемпионатында бүгін ерлерден 12 қазақстандық ½ финалға шығады.

Фото: sports.kz


Соңғы жаңалықтар