Азия чемпионаты: Қазақстандық 6 боксшы жартылай финалға шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін бокстан Азия чемпионатының төртінші күнінде қазақстандық бірқатар былғары қолғап шеберлері шаршы алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі жекпе-жекте Қайрат Ерәлиев 56 келіде Үндістан елінен келген Кавиндер Сингх Бишттен жеңіліп қалды. Қайрат Ерәлиев 1/8 финалда ирандық Саджам Мoхаммадпурсамариннің осал тұсын тапты. Осылайша ширек финалға жолдаманы жеңіп алды. Қайрат одан бұрын 1/16 финалда Оңтүстік Кореядан келген Ю Чан Лиді сүріндірген еді. Сондай-ақ, бүгін Алауа Балқыбекова (48 келі) филиппиндік Рамель Макадодан жеңілді.

Ал 49 келідегі боксшымыз Теміртас Жүсіпов жартылай финалға жолдама алды. Сондай-ақ, Дариға Шәкімова (69 келі) да жартылай финалға жолдама алды. Ол бүгін Моңғолиядан келген Эрденетуя Энхбаатарды сүріндірді. Құрлықтық додада Санатәлі Төлтаев (64 келі) өзінің бабында екенін көрсетіп отыр. Ол 1/4 финалда ирандық Амири Махсудтан басым түсті. Ал Бек Нұрмағанбет (81 келі) Дильшодбек Рузметовті тізе бүктіріп, жартылай финалға жолдама алды.

Жеребе нәтижесімен Фариза Шолтай (81 келі) мен Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары) бірден жартылай финалда сынға түсетін болған еді. Осылайша қазақстандық 6 боксшы жартылай финалға сынға түсуге мүмкіндік алып отыр.

Естеріңізге сала кетелік, бұған дейін Сәния Сұлтанқызы (57 келі), Әнуар Мұзаппаров (52 келі) жарыс жолынан шығып қалған еді.

Соңғы жаңалықтар