Азия чемпионаты: Алты боксшымыз ширек финалға шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бокстан Азия чемпионатында қазақстандық былғары қолғап шеберлері ширек финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Азия чемпионатында 56 келіде сынға түскен Қайрат Ерәлиев тағы бір мәрте мықтылығын көрсетті. Боксшымыз 1/8 финалда ирандық Саджам Мoхаммадпурсамариннің осал тұсын тапты. Осылайша ширек финалға жолдаманы жеңіп алды. Қайрат бұдан бұрын 1/16 финалда Оңтүстік Кореядан келген Ю Чан Лиді сүріндірген еді.

Құрлықтық додада 64 келіде ел намысын қорғап жатқан Санатәлі Төлтаев 1/8 финалда әдемі ойын өрнегімен жанкүйерлердің есінде қалды. Ол Таиланд боксшысы Сомчай Вонгсуванмен қолға түйістірген еді. Шаршы алаңдағы тайталаста қазақстандық былғары қолғап шебері жеңіске жетті. Санатәлі алғашқы жекпе-жегінде индонезиялық Либертус Гахты жеңген болатын.

Ал 75 келідегі саңлағымыз Тұрсынбай Құлахмет те енді ширек финалда сынға түсетін болды. Оған бүгін 1/8 финалда Кувейттен келген Юсеф Хуссейн бөгет бола алған жоқ. Қазақстандық боксшы қарсыласын бірнеше мәрте нокдаунға жіберді. Төрешілер содан кейін жекпе-жекті тоқтатуға шешім қабылдады.

Сондай-ақ, қыздар арасында 48 келіде сынға түскен Алуа Балқыбекова да жарыстың келесі сатысына жолдама алды. Ол Оңтүстік Кореядан келген Чоронг Пакті сүріндірді.

Бұдан бұрын екі боксшымыз Теміртас Жүсіпов (49 келі) пен Дина Жоламан (54 келі) ширек финалға жолдама алғанын хабарлаған едік.



Фото: www.kfb.kz

Соңғы жаңалықтар