«Азия балалары» ойындары: қазақстандық шорттрекшілер эстафетада 2 жүлде алды

None
Фото: Шорт-тректен БҚО құрамасы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ресейдің Кемерово қаласында қысқы спорт түрлерінен өтіп жатқан «Азия балалары» ойындарында қазақстандық шорт-трекшілер эстафетада 2 жүлде алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шорт-тректен БҚО құрамасының аға бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Максим Лозовойдың мәлім еткеніндей, қазақстандық қыздар 3 мың метрлік эстафетада қола жүлдеге ие болды.

Қазақстан құрамасы сапында Мәлика Жолтабар, Айсара Лабиб (екеуі де – БҚО), Нұрия Алпысбай, Айзада Алтынбек (екеуі де – Астана), София Симакова (Рудный) өнер көрсетті.

Содан кейін бозбалалар 3 мың метрлік эстафетада мәре сызығын екінші болып қиды.

Мұнда Мейіржан Төлеген, Әліби Әлімгереев, Ерасыл Шыңғысхан, Санжар Бекежан, Мадияр Мадихов (бәрі де – Батыс Қазақстан облысынан) ел намысын қорғады.

Сөйтіп, шорттрекшілер бүгін 1 күміс, 1 қола жүлдеге қол жеткізді. Кеше 1500 метр қашықтықта батысқазақстандықтар Мейіржан Төлеген күміс, Мәлика Жолтабар қола жүлдегер атанған еді.

«Ертең «Азия балаларында» шорт-трекшілер 1 мың метр қашықтықта сынға түседі», деді ҚазАқпарат тілшісіне М.Лозовой.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Азия балалары» ойындарында Қазақстан шорттрекшілерінің екі медаль жеңіп алғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ «Азия балалары» ойындарында Қазақстан қоржынына тағы 2 медаль түсті.


Соңғы жаңалықтар