«Азия балалары» ойындары: Қазақстан қоржынына тағы екі «алтын» түсті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Оңтүстік Сахалин қаласында өтіп жатқан «Азия балалары» І Халықаралық қысқы спорт ойындарында Қазақстан қоржынына тағы екі алтын медаль түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық олимпиада комитетінен хабарлағандай, биатлоннан ел құрамасы эстафеталық сында алдына жан салмады.

Атап айтқанда, Ульяна Ардалинова, Влада Васильченко, Данил Червенко және Владимир Конивец алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ жекелей аралас эстафетада Вадим Куралес пен Арина Шешукова күміс медальға ие болды.

Тағы бір алтын медальді тұғырдан секірушілер иеленді. Миксте Вероника Шишкина мен Данил Васильев чемпион атанды. Бұл - В.Шишкинаның екінші алтын медалі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық шорттрекшілердің «Азия балаларында» алтын және күміс жүлдені жеңіп алғанын жазған болатынбыз.

Сонымен қатар бұған дейін жас биатлоншы Вадим Куралес бір алтын, бір қола, ал Арина Шешукова күміс медальді өңіріне таққан еді.

17 ақпанда мәреге жететін «Азия балалары» ойындарында жасы 16-дан аспаған спортшылар өнер көрсетуде.

Соңғы жаңалықтар