Әзірет Сұлтан мешітінде мың отбасыға тегін азық-түлік таратылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда мешіттері мұқтаж жандарға азық-түлік сөмкесін таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған бастама - Елорда аумағындағы 12 мешіттің біріккен қайырымдылық шарасы.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Рамазан айында және карантинде мұқтаж жандарға көмектесу туралы бастама көтерген еді. Қайырымдылық бастамасы бізде ғана емес, еліміздің барлық мешіттерінде жалғасын тауып жатыр. Әр мешіт өз көлеміне, қаражатына қарай көмектеседі. Бүгінгі шара - елорда аумағындағы 12 мешіттің бірлесе ұйымдастыруымен, демеуші азаматтардың ұйытқы болуымен жүзеге асты», - деді Әзірет Сұлтан мешітінің баспасөз хатшысы Айдос Имантай ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Азық-түлік сөмкелері мешіттерге жүгінген мұқтаж жандар тізімі бойынша таратылады.

«Бұған дейін мешітке көмекке жүгінген көпбалалы, мұқтаж, асыраушысынан айырылған жандар бар. Олар өз жағдайын айғақтайтын арнайы құжат өткізген. Елорда мешіттеріндегі тізімдерді қарастырып, мың отбасына хабарластық және ең қажетті деген азық-түлік сөмкесін әзірледік», - деді А. Имантай.


Соңғы жаңалықтар