Әзірбайжанның бірінші ханымы алда үлкен мерекені күтіп отыр

None
None
АСТАНА-БАКУ. 19 наурыз. ҚазАқпарат - Әзірбайжаннның бірінші ханымы алдағы атаулы мерекені тағатсыздана күтіп отыр. Бакуде 22-26 мамыр аралығында "Еуровидение-2012" байқауы өтеді. Аталған елеулі оқиғаға дайындық жайында Бакудегі "Еуровидение-2012" байқауының ұйымдастыру комитетінің төрайымы, Гейдар Әлиев қорының президенті, Милли Меджилис депутаты Мехрибан Әлиева айтып берді. Бірінші ханым  Trend агенттігі қойған сауалдарға жауап қайтарды.

- Біріншіден Сізді Наурыз мерекесімен құттықтауға рұқсат етіңіз. Наурыз айы аяқталуға жақын қалды және Бакудегі "Еуровидение" байқауына санаулы уақыт қалып отыр. Осы конкурстың жақындауы сіз үшін мерейлі мерекені тағатсыздана күтуді ме  әлде  ауыр қарбалас жұмысты білдіре ме?

- Бүгінде біз баршамыз айтулы жалпыеуропалық музыка мерекесін күтіп отырмыз. Музыка тілі ұлтына, діни сеніміне қарамастан барлығына түсінікті. Сондықтан алдағы мамырдың жайма-шуақ күндерінде әртүрлі елдердің және түрлі музыкалық стильдегі өкілдері бір сахнада тұрып, әртүрлі тілдерде ән айтатын болады.  Бұл байқаудың Әзірбайжанда өтуі біздің дуэттің үздік жеңісінің нәтижесі, сондай-ақ осы әншілердің жеңіс жолындағы дайындық шараларына атсалысқандардың табысы. Бүгінде біздің алдымызда "Еуровидение-2012" шарасын тиісті деңгейде өткізу мақсаты тұр. Оған қатысатындардың көпшілігі және қонақтар мен көрермендер үшін бұл біздің елмен алғаш кездесу болады. Мен алдағы конкурс арқылы көптеген адамдар Әзірбайжанды жақсы тануға, яғни біздің елдің болмыс-бітімін, тарихын және мәдениетін жақын білуге жол ашатынына сенімдімін.

Біздің меймандар Бакудың ғажайып тұстарын көріп, тарихи және мәдени ескерткіштерінде болып,  қала көшелерінде серуендей отырып, сәулеттік тұрғыда Батыс пен Шығысты байланыстырған көріністерін тамашалай алады.  Олар біздің халқымыздың қонақжайлылығын өз көздерімен көретін болады. Меніңше, қала меймандары көне әрі қарқынды дамып келе жатқан Әзірбайжан жайында  өзіндік ой-пікірін қалптастырады деп үміттенемін.

Бұдан бөлек, осындай ауқымдағы оқиғаға дайындқ - елеулі жұмыстарды қажет етеді. Мәселен, 2020 жылы Олимпиадалық ойындар қайда өтетіні қазіргі кезде шешіліп жатыр. Ал "Еуровидение" байқауының өтетін орны алдағы конкурстың соңғы сәттерінде белгілі болды. Осы шараға дайындыққа тек бір жыл ғана уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде көптеген жауапты жұмыстарды атқарып үлгеру керек. Сондықтан да бұл шараға әзірлікті біздің әншілердің жеңісінен кейінгі бірінші күннен бастадық.

Қазіргі кезде ұйымдастыру комитеті "Еуровидениені" дайындау бойынша жұмыс тобымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Бүгінде бұл бағыттағы шаралар аяқталуға жақындады. Шынымен де байқаудың басталуына шамалы ғана уақыт қалып отыр.

- Мехрибан ханым, Еуровидениеге дайындық сапасын Сіз өзіңіз қалай бағалап отырсыз?

- "Еуровидениеге" дайындық деңгейі мен сапасын байқау тәмәмдалғаннан кейін ғана бағалауға болды. Әзірге меніңше, Еуропалық хабар тарату одағының өкілдері мен сарапшыларының пікірі сенімді әрі объективті болады.

Олар жалпыеуропалық ән байқауын өткізуге біздің елдің дайындық деңгейін жоғары бағалады. Шынымен де бұл бағытта ауқымды шалар жүзеге асырылды. Ұйымдастыру комитетіне енген ведомстволар алдында қала инфрақұрылымын жаңғыртуға, коммуникациялық технологияларды кеңейтуге, сондай-ақ меймандар мен қатысушыларды жайлы орналастыруға байланысты нақты міндеттер жүктелді. Осы орайда астанадағы қонақүйлерде тиісті жұмыстар жүргізіліп, бұдан бөлек жаңа мейманханалар салынып жатыр. Әзірбайжан Президенті Илһам Әлиевтің тапсырмасы бойынша байқауға қатысушылар мен қонақтар үшін виза алу үдерісі жеңілдетілді. Яғни, бұл байқауды елімізде лайықты түрде ұйымдастыруға барлық мүмкіндіктер іске асырылуда.

- Мехрибан ханым, Сіз "Еуровидение-2012" ән байқауын Бакуде өткізу Әзірбайжанды әлемге танытудың, сондай-ақ меймандарға біздің елдің тарихымен және бүгінгі жағдайымен таныстырудың тағы бір жолы екенін атап өттіңіз. Әзірбайжан қонақтар мен байқауға қатысушыларды қалай қарсы алатын болады?

- Осы орайда байқау өтетін орын жайында толыққанды айтып бергім келеді. Өздеріңіз білетіндей, Баку аталған шоуды өткізуге үш нысанды ұсынды. Олардың бірі Baku Crystal Hall ғимараты.

Айта кеткен жөн, 2020 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуде біздің мемлекеттің өтімі аясында Baku Crystal Hall спорттық ареналардың тізіміне енгізілген болатын.  Бұл кешен Оңтүстік Кавказдың ең үлкен спорттық-концерттік аренасы болып табылады. Оның сәулетін Шығыс пен Батыс арасындағы көпірмен теңестіруге болады. Жергілікті және шетелдік мамандардың күш-жігерінің арқасында осы тамаша аренаның құрылысы уақтылы аяқталады деген сенімдемін.

Оның жанында байқаудан хабар таратуға келген журналистер үшін баспасөз орталығы жасақталады. Қала ішінде конкурсты көру үшін үлкен телеэкрандар орналастырылады. «Еуровидениемен» қатар басқа да мәдени шаралар ұйымдастырылмақ. Байқаудың қарсаңында Мемлекеттік ту алаңына дейін созылатын «Жаңа бульвардың» да құрылысы аяқталады.

- Мехрибан ханым, соңғы кезде бұқаралық ақпарат құралдарында "Еуровидениеге" байланысты тұрғын үйлерді сүріп, бұзу жайында және бұл тұрғыда осы үйлердің тұрғындарының наразылығы жариялануда.

- Иә, мен БАҚ-тағы осы материалдармен таныспын. Өкінішке қарай, алдағы байқауға арналған мақалалардың кейбір  авторлары мәселенің мән-жайын терең білмейтін секілді. Біріншіден, аталған үйлерді сүріп тастадың "Еуровидениеге" дайындықпен еш байланысы жоқ.

Бүгінде біздің Баку көркейіп келе жатыр, яғни астанада жаңа саябақтар мен жолдар салынып, тұрғын үйлер мен кеңселік кешендердің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жұмыстар біздің дуэт "Еуровидениеде" жеңіске жеткенге дейін басталған еді және осы байқау елімізде аяқталғаннан кейін де жалғасын табады. Сондықтан да бұл мәселенің "Еуровидениеге" еш қатысы жоқ.

Мамандардың айтуынша, осындай ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде ескі үйлерді, сондай-ақ ыңғайсыз, талаптарға сай келмейтін тұрғын үйлерді сүріп тастау секілді қажеттіліктер туындайды. Бұндай жұмыстар бұған дейін де атқарылған және алдағы уақытта жаңа құрылыстар жүретін барлық жерлерде де жүзеге асырылатын болады. Әзірбайжанда барлық шаралар заңнама аясында іске асырылып жатыр. Үйлері сүрілетін тұрғындарға өтемақылар төленіп, жаңа үйлер тапсырылатын болады. Сондықтан да шу көтеру үшін кейбір мәселелерді  "Еуровидениемен» байланыстырған кезде өте жағымсыз.

Бұл тұрғыда Еуропалық хабар тарату одағының өзі ресми түрде беделді шетелдік БАҚ өкілдерін "Еуровидение" байқауы жайында біржақты әрі әділетсіз материалдар таратпау туралы ескерту жасады.

Осы орайда бұл үдеріске саяси бояу беруге тырысатындар көңіліңді қалдырады. Біреулер үшін эстрадалық әннің еуропалық байқауы үлкен мейрам, ал кейбіреулер үшін саяси арандату ұйымдастыруға себеп.  Бұған алдын ала дайын болу керек. Бізге және байқауға қатысатын 40-тан астам ел үшін бұл мерекенің шырқын бұзуға жол берілмейді деп сенемін.

- Сіз Бакудегі  "Еуровидение-2012" байқауында 40-тан астам елден қатысушы болатынын атап өттіңіз. Олардың кейбірі орындаушы мен конкурстық композициясын анықтап үлгерсе, ал кейбірі әлі тиісті шешім жасаған жоқ. Бірнеше күн бұрын басылымдарда "Еуровидение" Әзербайжан астанасында өтетіндіктен, Армения байқауға қатысудан бас тартқаны жайында жарияланды.

- Мен үшін және басқа көптеген адамдар үшін  армяндық тараптың осындай шешімі түсінбестік тудырады. Еуропалық хабар тарату одағы және Әзірбайжан билігі бірнеше мәрте байқауға қатысушылар мен қонақтарға, оның ішінде Армения тарапына  қауіпсіздік тұрғысында кепілдік беретінін мәлімдеген болатын. Әзірбайжанға халықаралық кездесулер мен конференцияларға, форумдарға және спорттық жарыстарға Армениядан ресми делегациялар бірнеше рет келген еді. Осы шаралардың барлығында Әзірбайжан билігі бұл елдің делегациясы мүшелеріне қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Бұл тұрғыда "Еуровидение" байқауына Армениядан келетін қатысушылар мен меймандарға толыққанды қауіпсіздік қамтамасыз етілетініне күмәнім жоқ.

Ереван бастапқыда конкурсқа қатысуға уәде беріп, қауіпсіздік тұрғысында кепілдік талап еткен еді. Біздің тарапымыздан кепілдік алды, бірақ та кейіннен "Еуровидениеге" қатыспайтындықтарын мәлім етті. Менің пайымдауымша, бұл байқауға қатысушылар үшін құрметтемеушілік.  Сөз жоқ, Еуропалық хабар тарату одағына мүше болып табылатын әр елде байқауға қатысудан бас тартуына байланысты өзіндік себептері болуы мүмкін.

- Соңғы сұрақ, Сіз Бакудегі "Еуровидение" байқауының қатысушылары мен қонақтарына не тілер едіңіз?

- Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін. Сонымен қатар көрермендер көзайымы болуына және көбірек дауыс жинауларына тілектеспін. Мен қатысушылар мен меймандарды біздің астанаға қуана-қуана шақырамын. Мамырдың жайма-шуақ күндерінде "Еуровидениеге" келген барша адамдарда Әзірбайжан жайында есте қалар тамаша сәттер болатынына сенімдімін. Мен олардың барлығына «Бакуге қош келдіңіздер!», деп шын көңіліммен шақыруымды жеткізгім келеді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар