Азиаданың ақшасын қымқырды деп айыпталған Айдар Мусиннің ісі сотқа жіберілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаржы полициясы Азиада ойындары кезінде мемлекет қаржысын ысырап етті деп айыпталған Айдар Мусиннің ісін тергеуді аяқтап, сотқа жіберді. Бұл туралы қалалық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Жақсылық Жақыбаев айтты.

Тергеу барысында Айдар Мусиннің жалпы сомасы 70 млн. теңге болатын мүлігін пайдалануға тыйым салынды. «2011 жылғы 7 Азиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» басқармасының бұрынғы басшысы Айдар Мусин ҚР ҚК 177-бабының 3-тармағы бойынша (алаяқтық), 193-бабының 3-тармағы бойынша (заңсыз алынған мүлікті немесе қаржыны заңдастыру), 310-бабының 1-тармағы бойынша (кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу), 192-1-бабы бойынша (кәсіпкерлік қызмет мақсатынан бөлек бағытта жеке кәсіпкерлік іс-шара жүргізу) айыпталып отыр. «Тергеу барысында анықталғандай, Мусин 2009-2010 жылдары "Q-service" ЖШС-не телекоммуникациялық жабдықтарды монтаждауға жеңілдіктер мен келісім шарттарда демеу беріп отырған. Осы мақсатта жалған кәсіпорындардың есеп-шоттарын пайдалана отырып, жоспарлық-сметалық құжаттамада құрал-жабдықтардың бағасын тым жоғарылатып көрсеткен. Сөйтіп, мемлекеттің 800 млн теңгеге жуық қаржысын қолды қылған. Аталған сомаға Алматыдан жылжымайтын мүлік пен қымбат көліктер сатып алған», - деді Ж.Жақыбаев. Осыған дейін Қаржы полициясы тергеу басқармасының бастығы Амангелді Иманғалиев оның кінәсі дәлелденсе, 10 жылға сотталуы мүмкін екендігін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар