Азиада: Қазақстандық ескек есушілер жаттығуды бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Академиялық есуден команда мүшелері 14 тамыз күні спорттық құрылғыларына қол жеткізіп, судағы жаттығу жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды Olympic.kz.

Ескек есушілер алғашқылардың бірі болып Азия ойындарына қатысу үшін Индонезияға аттанған еді. Академиялық есушілер Палембангтағы атлетикалық ауылға орналасты. Көп ұзамай, байдарка мен каноэде есушілер де келеді. 

Академиялық есуден команда мүшесі Евгений Васильев мұнда барлық жағдайдың жасалғанын айтты. Тек ауа райында ғана аздаған қиындықтар бар. 

«Атлетикалық ауылда барлық жағдай жасалған. Жататын орын, бөлмелер мен ас ішетін жер де тамаша! Жаттығу өз ретімен жүріп жатыр. Кеше қайық пен ескектерімізге қол жетті. Судағы жаттығуға толығымен көшті. 95 пайызға дайынбыз деп айта аламын. Жергілікті климатқа бейімделіп, ағзаны ыстық ауаға үйретіп алсақ, барлығына дайын боламыз»,  - дейді Евгений. 

Спортшының айтуынша, Қазақстан құрамасы толығымен келмегендіктен, команда корпусында бос орындар жетерлік. 

«Барлығы да керемет. Атлетикалық ауылдағы атмосфера да жаман емес. Тек ауа райы аздап қинап тұр. 80 пайыз ылғалдылық пен +33 градус ыстықты өзіңіз елестете беріңіз. Сол себепті, жаттығу арасында кондиционерге қарай жүгіреміз», - дейді Васильев.

Еске сала кетейік, Азия ойындары 18 тамыз күні басталады. Жарысты Индонезияның екі қаласы - Джакарта мен Палембанг қабылдайды. 

 

Соңғы жаңалықтар