Азиада-2018: Гандболшы қыздар Қытай құрамасын ұтып кетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Джакарта мен Палембангта өтіп жатқан Жазғы Азия ойындарында гандболдан Қазақстан қыздар командасы топтық кезеңдегі екінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ҰОК-тің баспасөз қызметі мәлім еткендей Қазақстан мен Қытай командалары арасындағы кездесу аса тартысты өтті. Шиленіске толы бірінші кезең 11:11 есебімен тең аяқталса, екінші кезеңде қазақстандық команда 16:15 есебімен басым болды. Ал шешуші сәттерде гандболшы қыздарымыз қарсыластарынан бір ұпай басымдылығымен жеңіске жетті. Қорытынды есеп - 27:26.

Жарыстан кейін өз әсерімен бөліскен қазақстандық гандболшы Наталья Ильина Қытаймен кездесу оңай болмағанын атап өтті.

«Өте тартысты өткен матч. Мұндай кездесулерде доп тек бір қақпаға ғана соғылмайды. Екі команданың да жеңіске деген жігері мол болды. Десе де, біз командалық ойынның арқасында жеңіске жеттік. Қазақстан біріншілігінде мұндай матчтарды күнде ойнай бермейсің. Сол себепті, кейде қателік жіберген кездер де болды. Ең бастысы - біз жеңдік», - дейді Ильина тілшілерге берген сұхбатында.

Еске сала кетейік, іріктеу айналымындағы алғашқы матчта Қазақстан командасы Үндістанмен кездесіп, 36:19 есебімен жеңіске жеткен болатын.

Соңғы жаңалықтар