Азиада-2018: Арыстанбек Мұхамедиұлы спортшыларды қолдау үшін Индонезияға келді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы спортшыларды қолдау үшін Индонезияға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін басталатын XVIII Жазғы Азия ойындарына Индонезияға келдім. Бірден спортшылармен кездесу үшін Олимпиадалық ауылға бардым. Олардың көңіл-күйі жақсы, жарыстарға дайын, бәрлеріңізге сәлем айтып жатыр! Біздің Ұлттық Құрама қатарында 440 спортшы болса, оның 404-і 25 олимпиадалық спорт түрінен бақ сынайды. XVIII Жазғы Азия ойындарының ашылу салтанатында еліміздің көк туын боксшы Әбілхан Аманқұл алып шығады», - деп жазады министр өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Сондай-ақ, Арыстанбек Мұхамедиұлы Министрлік Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесіп, Қазақстанның құрама командасының Азия ойындарына сапалы дайындығы үшін барлық жағдайды жасағандығын жеткізді.

«Олар жарыс өткізілетін уақытта ұлттық команда мүшелеріне қажетті кәсіби көмек көрсететін кешенді ғылыми топтардың мамандарымен, тәулік бойы біздің спортшылар үшін қызмет көрсететін дәрігерлер, психологтар мен кезекші массаж жасаушы мамандармен қамтамасыз етілген», - деді ол.

Айта кетейік, 2018 жылғы Жазғы Азия ойындарында жалпы есебі 462 медальдар жиынтығы сарапқа салынады, оның ішінде 363 жүлде олимпиадалық спорт түрлерінен өз иесін табады. Жарыстар Джакарта мен Палембанг қалаларында өтеді, екі жерде де спорт нысандары орналасқан. Джакарта қаласында өтетін спорт түрлері - жеңіл атлетика, бокс, дзюдо, күрес түрлері, велоспорт (трек, шоссе, маутинбайк), су полосы, заманауи бессайыс, таеквондо, семсерлесу, карате, регби, жүзу, гандбол, синхронды жүзу, садақпен ату, көркем гимнастика, желкенді спорт, шөптегі хоккей, слалом есу, спортық гимнастика, волейбол, гольф, баскетбол, баскетбол 3х3, батутта секіру. Палембангте өтетін жарыстар - академиялық есу, байдаркамен есу және каноэ, оқпен ату, стендтік ату, триатлон, жағажай волейболы, спорттық құзға өрмелеу, теннис.

Еске салсақ, Джакарта мен Палембанг қаласында 2018 жылғы Азия ойындарының ресми салтанатты ашылу рәсімі өтетіндігі туралы бұған дейін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар