Әжетханадағы қыздар төбелесі: ШҚО-да жәбір көрген бойжеткенге психологиялық көмек көрсетілуде

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында әжетханада студент қызды соққыға жыққан оқушыға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы айдың басында оқушы қыздың колледж студентін соққыға жығып жатқаны туралы видео әлеуметтік желіде тарап, көптің қызу талқысына түскен еді. Белгілі болғандай, бұл оқиға наурыз айында Өскемендегі «АДК» сауда орталығының әжетханасында болған.

Облыстық Полиция департаменті осыған қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 293-бабы 2-бөлігі (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлім еткен. Көп ұзамай желіде күдікті қыздың әкесі Антикорда, ал анасының қалалық Білім бөлімінде жұмыс істейтіні туралы ақпарат тарады. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаментінің басшысы Денис Шакенов оқиғаға қатысқан адамдардың Антикор қызметкерлерімен ешқандай туыстық байланысы жоқтығын хабарлады.

Бүгін жәбірленуші қыздың туған апайы Тоғжан Досумова БАҚ өкілдерімен кездесіп, оқиғаға қатысты түсінік берді.

«Қазір сіңілім менің қолымда тұрып жатыр. Оның осындай жағдайға тап болғанын естіген соң бірден полицияға хабар бердік. Тергеу амалдары жүріп жатқандықтан оқиғаның жай-жапсарын түгел айта алмаймын. Ол үшін тергеу аяқталып, сот шешімі шығуы керек. Бір айтарым, кикілжің арадағы жігітпен байланысты болған», - дейді ол.

Оның айтуынша, сіңілін соққыға жыққандар қомақты ақша да талап еткен.

«Сіңілім өте ауыр психологиялық соққы алды. Тұйық болып кетті. Денсаулығын әлі де тексертіп жатырмыз. Сол оқиғадан кейін екі апта ауруханада жатып шықты», - дейді Тоғжан Досумова.

Осы ретте, ҚазАқпарат тілшісі ШҚО Білім басқармасына да хабарласып көрді. Басқарма басшысы Инесса Чернышеваның айтуынша, қазір жәбірленушімен психологтар жұмыс істеп жатыр.

«Бойжеткеннің бетінен көгерген іздерді байқаған колледж басшылығы бірден ата-анасына хабарласты. Қазір өз құзыреттілігіміз шеңберінде қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Студентке психологиялық көмек көрсетілуде. Ал соққыға жыққан мектеп оқушысының анасы расымен де Өскемен қалалық білім бөлімінде қызмет еткен. Бірақ ол бұл оқиғадан кейін өз еркімен жұмыстан шығып кетті», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар