Әжелер байқауы: 80 жастағы ақмолалық «Асыл әже» атағына ие болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында Наурыз мерекесі қарсаңында «Ақ жаулықты ақ әже» байқау-фестивалі өтіп, үздік әжелер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Байқауды Ақмола облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын дәріптеуге арналған «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасының тұжырымдамасы шеңберінде ұйымдастырды. Оған өңірдегі қалалық, аудандық мәдениет үйлерінің жолдамасымен жасы 60-тан асқан немере, шөбере тәрбиелеп отырған әжелер қатысып, бақ сынады.

Байқау төрт кезеңнен тұрды, оны ішінде «Қызым саған айтам...» және таныстыру кезеңінде әжелер ұмытылып бара жатқан, сирек қолданылатын көне сөздердің мағынасын ашып, түсіндірді. Сондай-ақ, ұлттық тағам түрлерін әзірлеуден сайысты. «Өнерпаз әже» кезеңінде «Бесік жыры» және өзге де ұмыт болып бара жатқан ескі әндерді орындап, ұлттық би биледі. Ал «Бармақтары майысқан» кезеңде өздерінің қолдарынан шыққан бұйымдардан көрме ұйымдастырды.

Ақ жаулықты әжелердің өнеріне ҚР еңбек сіңірген әртісі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, дәстүрлі әнші, қазылар алқасының төрайымы Бисара Мәкенова, Степногор қалалық ардагерлер және аналар кеңесінің төрайымы Фарида Есжанова, республикалық «Жігіт сұлтаны» байқауының жеңімпазы, «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалінің иегері, облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығының бөлім басшысы Асылбек Әбенов тәрізді қазылар баға берді.

«Бүгінгі өткізіп отырған байқауымыздың басты мақсаты, отбасылық құндылықтарға негізделген дәстүрлі тәрбиені насихаттау, ұлтымыздың қасиетті қазынасы салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды мұра ету, әже тәрбиесін өскелең ұрпаққа өнеге, үлгі ету, әжелерге лайықты қолдау көрсету және көпшілікке насихаттау», - деп атап өтті Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова.

Байқау қорытындысы бойынша Целиноград ауданынан Түймеқыз Рыспаева «Шебер әже» аталымы, Аршалы ауданынан Шырынгүл Ұзақбаева «Өнегелі әже» аталымы, Бурабай ауданынан Зелтай Түгелбаева «Мейірбан әже» аталымы, Шортанды ауданынан Жұпар Жүсіпова «Дана әже» аталымы, Біржан сал ауданынан Бақыт Жексенова «Парасатты әже» аталымы, Бурабай ауданынан Бахыт Елеманова «Ұлағатты әже» аталымы, Ақкөл ауданынан Гүлсара Құмарбек «Байсалды әже» аталымы, Қорғалжын ауданынан Тоқтар Елеуова «Білгір әже» аталымы, Атбасар ауданынан Роза Тәшімова «Көрікті әже» аталымы, Жарқайың ауданынан Раиса Мөтенова «Мейірімді әже» аталымы, Степногор қаласынан Бағила Мұратова «Әнші әже» аталымы бойынша жүлдегер атанды. Ал бас жүлде «Асыл әже» атағына Астрахан ауданынан келген 80 жастағы Шолпан Қасымова лайық деп танылды.

Байқау қатысушылары мен жүлдегерлері бағалы сыйлықтармен және диплодармен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар