Ажар Ғиният өзінің жеке мәліметтері петиция кезінде заңсыз пайдаланылғанын айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өзінің жеке мәліметтері петиция кезінде заңсыз пайдаланылғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Денсаулық сақтау министрі А.Ғиният бұрынғы вице-министр Әбішевке қатысты полицияға арыз түсіргені хабарланған еді.

«Мен оған қатысты (О. Әбішевке) арыз түсірген жоқпын. Біреулер келісімімді алмай, жеке деректерімді пайдалана отырып, менің атымнан петицияға қатысқан. Осы орайда менің жеке деректерім заңсыз пайдаланылған. Сондықтан мемлекеттік органның басшысы екенімді, сондай-ақ менің кез-келген мәлімдемем біздің министрліктің ұстанымы ретінде қабылданатынын ескере отырып, аталған әрекетті кім жасағанын анықтау мақсатында арыз жаздым. Атап айтқанда, жеке деректерімді пайдалана отырып, осындай іс-қимылдар қандай мақсатта жасалғанын анықтау керек», - деді А. Ғиният Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Аталған петиция бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевті қолдау мақсатында ұйымдастырылған болатын.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев 2020 жылы 2 тамызда қамауға алынды.

Оған мемлекеттік бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды.

Одан бөлек, сол жылы 3 қарашада бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен тұтқындалған болатын.

2022 жылғы 28 қазанда Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 сотында бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевтің ісіне қатысты сот үкімі шықты.


Соңғы жаңалықтар