Ажар Ғиният негізгі биологиялық қауіптерді атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Биологиялық қауіпсіздік туралы» ҚР Заңының жобасы Президент қарауында жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ковид пандемиясы кезеңінде денсаулық сақтау жүйесінің барлық теріс тәжірибесін ескере отырып, біз эпидемиологиялық қауіп-қатерді болжамдау мен алдын алудың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды күшейтеміз. Мемлекет масшысының тапсырмасын іске асыру аясында «Биологиялық қауіпсіздік туралы» ҚР Заңының жобасы әзірленді. 2022 жылғы 28 сәуірде аталған заң жобасын ҚР Парламентінің Сенаты қабылдады. Бүгінгі таңда заң жобасы Мемлекет басшысының қарауында», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты - бұл биологиялық қауіптерді ерте анықтау, алдын алу және профилактикасы. Жалпы, мынадай негізгі биологиялық қауіптер бар:

Бірінші, аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары еліміздің жарты аумағында таралған. Мысалы оба 10 облыстың, туляремия 12 облыстың, геморрагиялық қызбалар 4 облыстың және Шымкент қаласының аумағында бар.

Екінші, қауіпті инфекциялар сырттан әкелінеді. Қазақстанның халықаралық туристік және іскерлік байланыстарды кеңейтуі нәтижесінде жыл сайын тырысқақтың әкеліну жағдайлары тіркеледі. Мысалы 2019 жылы Үндістаннан тырысқақтың 4 жағдайы, Таиландтан Денге қызбасының 3 жағдайы, тропикалық елдерден безгектің 4 жағдайы әкелінді.

Үшінші, патогенді биоагенттермен жұмыс істеу кезінде талаптардың бұзылуы.

Төртінші, төтенше жағдайлар мен терроризм актілерінің салдарынан жоғары қауіпті көздерге әсер етуі.

Бесінші, биологиялық қауіпсіздік саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігі.

«Сондықтан заң жобасы бойынша биологиялық қатерге қарсы іс-қимылдың тиімді жүйесін мынадай бағыттардың аясында құру жоспарлануда: стратегиялық жоспарлау; мемлекеттік басқарудың үйлестірілген ведомствоаралық жүйесін құру және оның профилактикалық функциясын күшейту; бейінді қызметтер мен халықтың ықтимал төтенше жағдайларға дайындығын қамтамасыз ету; патогенді биоагенттердің айналымы туралы деректерді есепке алу мен мониторинтің бірыңғай жүйесін құру және микроорганизмдердің ұлттық және жұмыс коллекцияларының қызметін реттеу. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын іске асыру аясында 2026 жылға дейін жыл сайын санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың 3 зертханасын жарақтандыру бойынша іс-шаралар көзделген. 2021 жылы 3 зертхана жабдықталған. Осы жылы тағы да 3 зертхана жабдықталады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар