Ажар Ғиният медицина қызметкерлеріне қатысты қозғалған қылмыстық істер туралы айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл сайын медицина қызметкерлеріне қатысты 300-ге жуық іс қозғалады. Бұл туралы Мәжілісте кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын таныстыру кезінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заң жобасын әзірлеу үшін кейінгі 3-4 жылда жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен және қаралған өтініштерге талдау жүргізілді. Осы орайда аталған мерзімде 14 мыңнан астам өтініш келіп түскен еді. Бұл тұрғыда медицина қызметкерлеріне қатысты қозғалған қылмыстық істерге талдау жүргізілді. Жыл сайын медицина қызметкерлеріне қатысты кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы бойынша шамамен 300-ге жуық іс қозғалады», - деді А. Ғиният Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру кезінде.

Оның айтуынша, қылмыстық істер көбінесе өлім қаупі жоғары медициналық салаларда жиі қозғалады. Яғни акушер-гинекологтар, хирург мамандар, травматологтар, анестезиологтар істі болып жатады.

«Осындай жағдай болған кезде, медицина қызметкері жалақысының деңгейі қазіргі кезде науқастың денсаулығына келтірілген зиянды өз бетінше өтеуге мүмкіндік бермейді. Кей жағдайда осындай оқиғалар кезінде дәрігерлер туыстарынан қаражат жинап, өтемақы төлеп жатады», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде дәрігердің кәсіптік жауапкершілігіне қатысты міндетті сақтандыру жүйесі енгізілмек.


Соңғы жаңалықтар