Ажар Ғиният: Дәрігерлердің жалақысы жыл сайын артып отырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шортанды аудандық ауруханасында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният медицина қызметкерлері ұжымымен кездесу өткізіп, онда денсаулық сақтаудың күтілетін жаңалықтары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бапасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Менің келуімнің мақсаты - тексеру емес, тікелей диалог құру, мәселелеріңізді талқылау, пациенттерді тыңдау. Кабинетте отырып қана, дұрыс шешім қабылдай алмаймын, өйткені ауылдық денсаулық сақтаудың барлық мәселелерінің тереңдігін сіздерден артық ешкім білмейді», - деп атап өтті А.Ғиният аурухана ұжымына.

Министр ауыл дәрігерлеріне коронавируспен тұрақты күрескендері үшін шын жүректен алғысын білдірді. Сондай-ақ, оның айтуынша, дәрігерлердің еңсесі түспеген, қайта олар дағдарысқа қарсы тұруды үйренді.

Ол бүгінгі сапар барысында келген үш дәрігерлік амбулаторияның тамаша кадрлық құрамын ерекше атап өтті.

«Менің ойымша, мұндай дәрігерлер бар пациенттердің жолы болғыш. Олар өз ісіне шын берілген, әйтсе де осындай кадрларды бағалап, оларға бар жағдайды жасау керек, әйтпесе олар елордаға кетуі мүмкін», - деді министр Шортанды ауданының әкіміне.

Ведомство басшысы өз тарапынан медицина қызметкерлерін қолдау үшін барлық күш-жігерді жұмсайтынын айтып, еңбекақыны арттыру жыл сайын жүргізілетінін еске салды.

Сонымен қатар, А.Ғиният Денсаулық сақтау жүйесіндегі басқа да жаңалықтар туралы айтып берді.

Осылайша, жақын арада медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру туралы заң жобасы ұсынылатын болады. Ол медицина қызметкерлерін қылмыстық қудалаудан қорғауды, «дәрігерлер соттарда жүрудің орнына негізгі қызметпен айналыса алатындай» жазаның басқа түрлерін жеңілдетуді қарастырады.

А.Ғиният әрбір медициналық ұйым үшін тариф құрылымына енгізілетін сақтандыру төлемдерінің механизмі туралы айтып берді.

«Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің санатына қатысты өзгерістер күтілуде, олар біліктілік деңгейіне ауыстырылады. Сол 4 деңгей әрі қарай қала береді, тек белгілі бір критерийлер бойынша өзінің сәйкестігін дәлелдеу қажет болады», - деп хабарлады министр.

Кездесу соңында мекеме басшысы жергілікті билік өкілдерінен ауыл дәрігерлерін материалдық қолдау, техникалық жабдықтау, ескірген дәрігерлік амбулатория ғимаратын жедел жөндеу немесе ауыстыру мәселелерін шешуді сұрады.

Сондай-ақ, ол «100 күн - 100 сұрақ» жобасы аясында дәрігерлер мен тұрғындардың өтініштері негізінде талдау жүргізіліп жатқан денсаулық сақтаудың барлық өзекті проблемалары бойынша ашық тікелей диалогқа дайындығын білдірді.


Соңғы жаңалықтар