ӘЗЕРТАДЖ агенттігінің құрылғанына 100 жыл толды

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат – Әзербайжанның ӘЗЕРТАДЖ ұлттық ақпарат агенттігі бүгін өзінің ғасырлық мерейтойын атап өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әзербайжанның ӘЗЕРТАДЖ мемлекеттік ақпарат агенттігі – республикадағы жетекші ақпарат ресурсы, жергілікті және шетелдік БАҚ үшін елдегі жалғыз ресми ақпарат көзі.

ӘЗЕРТАДЖ агенттігі 1920 жылы 1 наурызда Әзербайжан демократиялық республикасы үкіметінің бастамасымен құрылған. Кеңес билігі тұсында оның атауы бірнеше рет өзгерді.

Әзербайжан мемлекеттік тәуелсіздігін алғаннан кейін агенттік өзінің тарихи атауын қайтарып алды. 1995 жылы 3 наурызда ол Министрлер кабинеті жанындағы Мемлекеттік телеграф агенттігі деген атауға ие болды. Ал 2000 жылдың 17 қаңтарынан бастап Әзербайжан мемлекеттік телеграф агенттігі деп аталады.

ӘЗЕРТАДЖ ресми хабарлармен бірге саясат, экономика, ғылым, білім, денсаулық сақтау, спорт, қоршаған орта және басқа да түрлі тақырыптар аясында жедел әрі сенімді ақпарат таратады. Жаңалықтар ағылшын, орыс, француз, неміс, араб, қытай және испан тілдерінде жарық көреді. Агенттік фото және мәтін хабарлармен бірге елдің әлеуметтік, саяси, экономикалық және спорттағы өмірі туралы видеожаңалықтарды да көрермен назарына ұсынады. Мультимедиа және видеожаңалықтар қызметі «Әзербайжанға саяхат», «Біздің ескерткіштер», «Әлем қалалары» секілді жобаларды дайындайды. ӘЗЕРТАДЖ-дың видеосайтымен қоса, балаларға арналған білім порталы да жұмыс істеп тұр.

Бүгінде агенттік 50-ге жуық шетелдік ақпарат ресурстарымен келісім жасасқан, оның ішінде қазақстандық «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі де бар. Одан бөлек, ӘЗЕРТАДЖ журналистері әлемнің түкпір-түкпірінен хабар таратады (21 тілшілер қосыны бар).

Өткен жылы ӘЗЕРТАДЖ мобильді ақпарат ресурстарына жүгіну көрсеткіші - 50 пайызға, ал видеожаңалықтар қаралымы - 75 пайыз өскен.

2004 жылы Азия және Тынық мұхиты елдері ақпарат агенттіктерінің ұйымына (OANA) мүше болды. 2008 жылдан бері ӘЗЕРТАДЖ – «AsiaPulse» Азия жаңалықтар агенттіктері консорциумының мүшесі.

«ҚазАқпарат» ХАА ұжымы ӘЗЕРТАДЖ агенттігін ғасырлық мерейтойымен шын жүректен құттықтап, еңбекте зор табыс тілейді.


Соңғы жаңалықтар