Әзербайжанда түйнеме дертін жұқтыру көзі іздестірілуде

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат – Әзербайжанның Азық-түлік қауіпсіздігі агенттігі Сабирабадта екі адамның түйнеме дертіне шалдығу дерегі бойынша тергеуді бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Trend агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттік мәлім еткендей, Денсаулық сақтау министрлігінің Сабирабад ауданы бойынша Гигиена және эпидемиология орталығынан 25 шілде күні орталық аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне ауданның тұрғындары Гейдаров Малик Алыш оглу мен Гафаров Тофиг Гейбат оглу келіп түскені туралы хабарлама келген. Түйнемеге шалдығу күдігі бойынша пациенттердің талдауы Имишлин аудандық обаға қарсы стансаға жіберілді. Дереу агенттік мамандарынан тұратын зерттеу тобы құрылды. Олар кідірмей оқиға орнына жетті.

Топ ақпаратты талдап, анамнез жасап, науқастарға тиесілі шаруа учаскелерінде және мал өсірілетін жерлерде клиникалық зерттеу жүргізді. Үй жануарлары жұқпаның көзі болмағаны анықталды.

Сондай-ақ, агенттік қызметкерлері науқастардың бірінің ағасына тиесілі мал сою бекетін тексерді. Сәйкес үлгілері алынып, азық-түлік қауіпсіздігі агенттігінің зертханасына жіберілді.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, мал өсірумен айналысатын шаруашылықтан түйнемеге шалдығу дерегі анықталмаған.

Қазіргі таңда агенттік мамандары жұқтыру көзін анықтау мақсатында зерттеу жүргізіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар