Әзербайжанда такси жүргізушілерінен COVID-паспорт талап етіледі

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат – Әзербайжанда такси жүргізушілері келесі айдың басына дейін міндетті түрде коронавирусқа қарсы толық вакциналаудан өтуі тиіс. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің БАҚ және қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы полиция майоры Эльшад Гаджиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, 1 қазаннан бастап елде такси жүргізушілерінің COVID-паспорттарын тексеру бойынша рейдтер басталады. Полиция қызметкерлері екпенің екінші дозасын алмаған жүргізушілерге қатысты тиісті шараларды қолданатын болады.

«Жүк және жолаушы тасымалдаумен айналысатын, олардың ішінде такси қызметтерін ұсынатын азаматтардың 1 қыркүйектен бастап вакцинаның бірінші дозасын алғаны туралы құжаты болуы керек. 1 қазаннан бастап екінші дозаны қабылдағаны туралы құжат немесе иммунитет сертификаты талап етіледі», - деді Э. Гаджиев.

Еске сала кетейік, 1 қыркүйектен бастап ЖОО студенттерінен, қонақүй меймандарынан, ірі СОСО-ға және қоғамдық тамақтану орындарына барушылардан COVID-паспорт сұралады. Ал 16 тамыздан бастап DOST және ASAN xidmət орталықтарындағы әлеуметтік қызметті тек вакцина алған тұрғындар ғана ала алады.

COVID-паспорт немесе тиісті сертификаттар мұғалімдер мен мектеп қызметкерлерінен де талап етіледі. Қоғамдық транспортты пайдалану үшін жолаушылардың өздерімен бірге осындай құжаты болуы керек. Сонымен қатар медициналық масканы тағып, санитарлық нормаларды сақтау міндетті.

COVID-паспорты жоқ жеке тұлғалар 120-240 доллар, ал заңды тұлғалар 2 350-2 940 доллар көлемінде айыппұл төлейді.

Бүгінгі күні Әзербайжанда коронавирусқа қарсы 7 миллион 977 мың 574 екпе салынды. Бірінші дозаны алған тұрғындар саны – 4 миллион 619 мың 842 адам, ал екінші дозаны салдырғандар саны – 3 миллион 357 мың 732.


Соңғы жаңалықтар