Әзербайжанда Наурыз мерекесі қалай тойланады

None
Фото: trend.az
БАКУ. ҚазАқпарат – Бүгін Әзербайжанда Наурыз мерекесі алдындағы соңғы сейсенбі тойланып жатыр, оны Әзербайжан халқы Ахыр чершенбе немесе Торпаг чершенбеси деп атайды. Мереке несімен қызық екенін ҚазАқпаратың Әзербайжандағы тілшісінің материалынан оқыңыз.

Көктемгі Наурыз мерекесі қарсаңында төрт сейсенбі атап өтіледі - Су чершенбеси (Су сейсенбісі), Од чершенбеси (От сейсенбісі), Йел чершенбеси (Жел сейсенбісі) және Торпаг чершенбеси (Жер сейсенбісі). Олардың әрқайсысы табиғат құбылыстарының оянуына арналған. Бірақ алдыңғы сейсенбілерге қарағанда кейінгісін ерекше атап өтеді.

Торпаг чершенбеси Жердің оянғанын білдіреді, ол Наурызға санаулы күн қалғанда келеді. Ереже бойынша Жер адамды тамақтандырады, ал оның қыстан кейін оянуы барлық тіршіліктің оянғанын, жанданғанын көрсетеді. Ахыр чершенбе көктемгі егін жұмыстарының, жаңа ауылшаруашылық маусымының басталғанын білдіреді. Дәстүр бойынша бұл күні адамдар үйлерінде шырақ жағады. Осы күні үйден тұз, су, ақша, нан, сіріңке, мұнай немесе сүт өнімдерін беруге болмайды. Балалар көрші үйлердің есігін қағып, есіктің алдына бас киімдерін тастап тығылып қалады. Ал үй иелері бас киімге кәмпит пен тәттілерді толтырып беруі керек. Ренжіскен адамдар татуласуы керек деп есептейді. Ал кешке от жағып, бір-біріне барлық жаманшылық жанып кетсін деп тілейді.

Сондай-ақ одан үш рет секірсе, сенім бойынша, қиыншылық пен қайғы өткен жылда қалады. Наурыз қарсаңындағы соңғы сейсенбіні үйде атап өту керек. Әйтпесе, алдағы 7 жылда мерекені сыртта атап өтесің деген сенім бар. Бұл мерекенің сейсенбі тойланатынының да өз мағынасы бар. Қасиетті жазбалардан жеткен аңыз бойынша Құдай әлемді бір апта ішінде жасаған, ал дүниенің өзі екінші күні жаратылған. Әзербайжан халқының сүйікті мерекелерінің бірі – Наурыз мейрамы 21 наурыз күні болады. Ежелгі күн күнтізбесі бойынша бұл күн мен түн теңесетін күн. Бұл мереке тек әзербайжандарда ғана емес, көптеген Шығыс елдерінде тойланады.

Авторы: Серкбол Қошмағанбетов


Соңғы жаңалықтар