+7 (701) 759 90 19
USD 424.99 EUR 504.21
RUB 5.81 CNY 65.66
Jańalyqtar

Әзербайжанда Наурыз қалай тойланады

2021 жылғы 23 наурыз 09:58
Бөлісіңіз:
Әзербайжанда Наурыз қалай тойланады

БАКУ. ҚазАқпарат – Әзербайжан Республикасының Ұлттық ғылым академиясына қарасты Тарих институтының докторы Ильгар Нифталиев әзербайжан халқының наурызды қалай тойлайтынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА меншікті тілшісі.

«Кеңес заманында Наурыз мейрамына ресми түрде тыйым салынды. Алайда, жекелелеген аймақтарда, әсіресе Бакуден тыс жерлерде бейресми түрде мереке барлық атрибуттарымен атап өтілді. Әзербайжанда Новруз алғаш рет 1967 жылы салтанатты түрде тойланды. 2010 жылғы 23 ақпанда БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған қарарға сәйкес, 21 наурыз Халықаралық Новруз күні болып жарияланды», - дейді ғалым.


Тарихшының сөзіне қарағанда, Әзербайжан тәуелсіздік алғаннан кейін Новруз жыл сайын ресми түрде атап өтілетін мерекеге айналған. Оған әдетте Әзербайжан Президенті мен елдің барлық жоғары басшылары қатысады. ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне ресми түрде енгізілген Новруз мерекесін тойлайтын басты орын – Бакудің көне бөлігі саналатын Ичеришехер қаласы.

«Новруз рәсімдерінде төрт элемент қатар жүреді. Ежелгі Шығыс нанымы бойынша, адамзат от пен судан, жер мен ауадан жаралған. Новруздың басты атрибуттарының бірі – от. Оттан аттау арқылы адамдар өткен жылдың барлық жамандықтарынан арыламыз деп сенген. Ал қайтыс болғандарды еске алу үшін шырақ жағылады. Сондай-ақ араздасқан жандар бір-бірімен татуласады», - дейді тарихшы.


Ғалым Новруз күндері әр үй салт бойынша от жағып, шекербура, бадамбура, пахлава, гогал сияқты тәтті тағамдар дайындап, тұқым егетінін айтады. Қайнатылған жұмыртқаны түрлі түстерге бояп, жұмыртқа жарып сайысатын көрінеді. Сайыстың басты мәні өз қолыңдағы жұмыртқаны аман сақтап, қарсыластың қолындағы жұмыртқаны бұрын жару. Ильгар Нифталиев мейрамда, бұдан бөлек, қолөнер шеберлері мен ұлттық өнер майталмандары бақ сынасатын түрлі сайыстар ұйымдастырылатынын айтады. Бұл күндері кетіп бара жатқан қысты бейнелейтін Кечал (тазша) мен Кеса (көсе) образындағы әртістер ерекше көзге түседі екен.


«Жыл сайын тойланатын көктем мерекесі барлық түрік халықтарын біріктіруші фактор екені сөзсіз. Новруз арамыздағы мәдениетті бірлесіп дамытуда және дәстүрлерімізді сақтауда үлкен рөл атқарады. Мен оны тек түркі мерекесі деп санамаймын. Өйткені Новрузды ежелгі заманнан бері Иран халықтары да атап өткен. Бұл мерекенің тамыры адам баласы мемлекеттерге бөлінбей тұрған кезеңдерде жатыр. Алғашқы қауымдық жүйеде өмір сүрген кездің өзінде Наурыз тойланды. Өйткені мереке егіншіліктің дамуымен, табиғаттың жандануымен, жалпы экономикамен байланысты. Бұл мерекенің географиясы, ауқымы біз ойлағаннан әлдеқайда кеңірек, - дейді тарих докторы.

Сөз соңында ғалым Қазақстан халқын Ұлыс күнімен құттықтап, еліміздің гүлденіп, дами түсуіне тілектестік білдірді.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Есімжан Нақтыбай

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT