Әзербайжанда Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығының құрылысы басталды

None
БАКУ. ҚазАқпарат – Әзербайжан Республикасының Физули қаласында әйгілі қазақ композиторы Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы Балалар шығармашылығы орталығының іргетасы құйылды. Салтанатты шараға қатысқан аталған елдің лауазымды тұлғалары мен кешенді салатын қазақстандық компания өкілдері нысанның маңызына тоқталып, Қазақстан тарапы ұсынған бұл сый бауырлас халықтың жадында сақталатынын айтты. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі балаларға арналған орталықтың болашақ көрінісі мен мүмкіндігі қандай болатынын анықтап көрді.

Өткен жылдың тамыз айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға ресми сапармен барды. Бұл сөзссіз екі мемлекеттің өзара қарым-қатынасына жаңа серпін берген тарихи сәт болды.

Жоғары деңгейдегі кездесу барысында Қазақстан тарапы Қарабақты қалпына келтіру ісіне өз үлесін қосуға ниетті екенін мәлімдеді. Шын мәнінде, бұл аймақ бүгінде Әзербайжан үшін ерекше маңызға ие. Тиісінше, мемлекет Қарабақтың инфрақұрылымын дамытуға көп көлемде инвестиция бағыттап жатыр. Бұл ретте Қазақстанның бауырлас елге ұсынған көмегі Әзербайжан жұртшылығы арасында кең қолдауға ие болды.

Араға жарты жыл салып, былтыр Бакуде келісілген жұмыстар жүзеге аса бастады. Атап айтқанда, Қазақстан бауырлас халыққа сыйлық ретінде тек білім беру нысанын ғана емес, сонымен қатар көрнекті қазақ композиторы Құрманғазының есімімен аталатын Балалар шығармашылығы орталығын салуды ұсынды. Бұл бастамаға көмек ретінде Әзербайжан тарапы болашақ Физули қаласының орталығынан жер бөлді және құрылыс жұмыстарын жүргізуге барлық жағдай жасады.

Жаңа білім беру кешенінің іргетасын қалау салтанатына Әзербайжан Президентінің арнайы өкілі Эмин Гусейнов, осы елдегі Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісінің кеңесшісі Жандос Нұрмахамбетов, қазақстандық «BI Group» құрылыс компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев қатысты. Сондай-ақ, болашақ орталықтың іргетасын құю шарасына Әзербайжанның қосалқы мердігерлік ұйымдары мен мемлекеттік органдарының қызметкерлері және БАҚ өкілдері куә болды.

Қазақстандық құрылыс компаниясының басшысы бұл орталық Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасы бойынша салынып жатқанын және елдер арасындағы достықты, бауырластықты, сонымен бірге үнемі өзара қолдау білдіретін Әзербайжан халқына сыйлық болатынын атап өтті.

«Осындай тарихи миссияны орындау біз үшін үлкен мәртебе. Нысанды өте сапалы салу үшін біз бар күш-жігерімізді жұмсаймыз деп уәде беремін. Кешеннің құрылысына заманауи материалдар қолданылады және сәйкесінше жабдықталады. Мұнда білім алуға құштар балалар үшін көп шеберханалар қарастырылған. Бұл орталық бой көтеріп, пайдалануға берілсе, балалардың қуанысында шек болмайды деп сенемін», - деді Айдын Рахымбаев.

Орталықты салатын қазақстандық компанияның мәліметінше, құрылыс кезінде холдингтің жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен ең озық технологиялары қолданылады. Компания заманауи инжинирингтік шешімдерге сәйкес, білім беру ұйымдарын салу бағытында мол әрі кәсіби тәжірибеге ие. Дегенмен бұл жоба қайырымдылық мақсатта болғандықтан, оны қаржыландыру бюджеттен тыс көздер есебінен жүргізіледі.

Кешеннің іргетасын қалау салтанатына қатысқан Әзербайжан Президентінің арнайы өкілі Эмин Гусейновтың айтуынша, Физули - Қарабақтың әуе қақпасы. Өйткені, мұнда халықаралық деңгейдегі алғашқы әуежай бой көтерген.

«Физули - болашақ Зангезур дәлізі арқылы өтетін көлік және логистикалық орталықтардың өзегі болатыны сөзссіз. Мұнда көптеген жүйелі әрі дамуға қарқын беретін экономикалық өзгерістер болады. Жастардың өзін-өзі дамытуына мүмкіндік жасалады. Бірақ осы істердің барлығы балаларға арналған мектептер мен орталықтардан басталады. Сондықтан бұл қаланың маңызы зор. Осы орайда, қазақ халқының бұл сыйы дәл осы жерде – қаланың қақ ортасындағы «Жеңіс жолының» бойында орналасуы кездейсоқ емес», - деді Эмин Гусейнов.

Орталық құрылысының негізгі мердігерлерінің бірі саналатын «Unico Group» компаниясының бас директоры Эльчин Ахундов бұл жоба заманауи білім беру кешені болатынына тоқталып, оның маңызын атап өтті.

«Мұның бәрі біздің балаларымыз, болашақ ұрпақ үшін жасалып жатыр. Бұл әр баланың, әрқайсымыздың, тіпті әрбір мемлекеттік орган өкілінің ойында бауырлас мемлекеттің жомарт сыйы ретінде сақталады», - деді ол.

Компанияның мәліметінше, 2 700 шаршы метрді алып жатқан екі қабатты орталық тәулігіне 600 адамды қабылдауға қауқарлы. Оның ішінде вокал және музыкалық аспаптар, робототехника, 3D модельдеу, веб-дизайн, фото және видео түсіруге арналған кабинеттер болады. Сонымен қатар, мұнда қолөнер, оның ішінде кілем тоқу және қыш ыдыстар жасау, сондай-ақ әртүрлі спорттық және хореографиялық сабақтар өткізуге мүмкіндік беретін орындар қарастырылған.

«Таяу болашақта Қарабақ жері қайтадан гүлденген аймаққа айналады деп сенеміз. Әзербайжан халқының ең асыл қасиеттерінің нәтижесінде бұл жерлер ең озық өңірге айналады. Салынып жатқан мектеп екі ел арасындағы бауырластық қарым-қатынасымыздың символына болары анық. Қазақстан бұл тұрғыдан осы игі іске өз үлесін қосуға әрдайым әзір», - деді Қазақстанның Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің кеңесшісі Жандос Нұрмахамбетов.

Жаңа білім ордасына дәулескер күйші, композитор Құрманғазы Сағырбайұылының есімін беру кездейсоқ емес. Компаниядан атап өткендей, қазақ халқының көрнекті тұлғасы Құрманғазының мұраға қалдырған шығармалары бүкіл түркі әлемінің құндылығына айналған.

Қазіргі уақытта орталық салынатын жерде қазу және дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кешеннің құрылысымен айналысатын компаниялар жобаны 2023 жылдың соңына дейін аяқтап, оны пайдалануға беруді жоспарлап отыр.


Соңғы жаңалықтар