Әзербайжанда коронавирустың жаңа штамы анықталған жоқ – сарапшы

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат – Әзербайжанға коронавирусқа қарсы ең сенімді вакциналардың бірі жеткізілді. Сонымен бірге елде COVID-19 індетінің жаңа штамы анықталған жоқ.

Медициналық профилактика ғылыми-зерттеу институтының директоры Адиль Аллахвердиев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарапшының айтуынша, COVID-19-дың мутацияланған штамдары басқа елдерде тіркеліп жатыр. Соның бірі – Түркия.

«Түркияда коронавирустың британдық және оңтүстікамерикалық штамдары тіркелді. Сонымен қатар атауы әлі белгісіз үшінші штамм да кездесті. Ал Әзербайжанда жаңа штамды жұқтырудың бірде бір жағдайы тіркелген жоқ. Десе де, TƏBİB оқшауланған азаматтардың кейбірінің сынамасын жіті тексеріп жатыр. Бір қуанарлығы, олардан жаңа штамм анықталмады. Десе де арқаны кеңге салатын емес. Елде жаңа штамм кез келген уақытта пайда болуы ықтимал», - деді А. Аллахвердиев.

Дәрігердің айтуынша, Әзірбайжанда мутацияланған вирус Ұлттық гематология және трансфузиология орталығында зерттелуде.

«Бізде ол вирусты толыққанды зерттеуге мүмкіндік беретін құрылғылар баршылық. TƏBİB-пен бірге бұл зерттеу жұмысын бірнеше айдың ішінде ұйымдастырдық. Ол геномды анализ нәтижесінде анықталады», - деді ҒЗИ басшысы.

Институт директоры халықты вакциналау жұқпалы аурулармен күресудің ең тиімді әдістерінің бірі деп сендірді. Вакцинация кезінде денеде COVID-19 тудыратын вирустың бөлшектері пайда болады. Ағзаның иммундық жүйесінің тіндері оларды таниды да, иммундық жүйе тіндерінің белсенділігі артып, инфекциямен күресті бастайды.

Дәрігердің айтуынша, вакциналаудан өткен адамдар коронавирусты қайта жұқтыруы мүмкін. Вирусқа қарсы антиденелер адамдарда алғашқы вакцинадан кейін үш аптадан кейін пайда болады.

«Бұл адамдар гигиенаны міндетті түрде сақтауы керек. Вакциналанған адам не мүлдем ауырмайды, ал ауырып қалса, оңай өткереді. Халқымыз біздің мемлекет вакцина бағытында ұзақ жұмыс істегенін білуі керек. Біздің елге ең сенімді вакцина жеткізілді деп айтар едім», - деп түйіндеді А.Аллахвердиев.

Еске сала кетейік, Әзербайжанда медициналық қызметкерлер 18 қаңтардан бастап, ал 65 жастан асқан адамдар 8 ақпаннан бастап вакцина алуда. Сонымен бірге 12 ақпанда эпидемияға қарсы шараларға араласқан полиция қызметкерлерін вакциналау басталды.


Соңғы жаңалықтар