Әзербайжанда коронавирусты жұқтыру жағдайлары артты

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат – Бүгінде Әзербайжанда коронавирусқа байланысты ахуал пандемияның алғашқы күндеріне қарағанда анағұрлым қауіпті. Әзербайжан медициналық университеті жанындағы Оқыту-терапия клиникасының бөлім басшысы А.Алиев осындай пікірде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Маманның айтуынша, коронавирус бұрынғыдан да жылдам тарап, адамның өкпесіне тиер зияны ұлғайды. Сондықтан асқынулар мен өлім-жітім саны артуы ықтимал. Инфекция жұқтыру қаупін алдын алу үшін әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет.

«Ашық ауада бұл – кем дегенде 1 метр, жабық мекемеде – 1,5 метр. Медициналық масканы айыппұлдан қорыққаннан емес, қорғаныс үшін тағу қажет. Қол алысудан аулақ болған жөн. Қолды жиі жуып, құрамында спирті бар сұйықтықпен дезинфекциялау керек. Сондай-ақ адам көп шоғырланатын жерлерден аулақ болған абзал», - деп кеңес берді дәрігер.

А.Алиев індетті жұқтыру санының артуы карантин талаптарының күшейтілуіне алып келетіндігін атап өтті.

Онымен бір мезгілде, әзербайжандық өзге дәрігер А.Нагиевтің айтуынша, коронавирустың «британдық» штамынан өлім-жітімнің көптігі туралы барлық пайымдаудың еш дәлелі жоқ. Сол себепті Әзербайжан халқына бұл мәселеге қатысты уайымдамауға болады.

«Британдық» штамға қатысты соншалықты пессимистик көзқарас танытпас едім. Ол 110-нан астам елде тіркеліп отыр. Оның әдеттегі штамнан аса айырмашылығы жоқ, тек жылдам тарайды. Одан өлім-жітім анағұрлым көптігі жөнінде еш дәлел жоқ», - деді медицина маманы.

Айта кетейік, соңғы күндері Әзербайжанның жергілікті тұрғындары арасында коронавирусты жұқтыру жағдайлары артты. Мәселен, соңғы бір тәулікте елде індеттің жаңадан 1759 оқиғасы тіркелді, қайтыс болды – 24 науқас. Бүгінге дейін Әзербайжанда коронавирусқа шалдыққандардың жалпы саны 252 680 адамды құрайды. Вакцина 510 мың адамға салынды.

Авторы: Серікбол Қошмағамбетов


Соңғы жаңалықтар