Әзербайжанда Қазақстанның сауда үйі ашылады

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат – Бакуде екіжақты сауданы нығайтуға, инвестициялық және сауда-экономикалық байланысты кеңейтуге арналған Қазақстанның сауда үйі тіркелді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне Сауда үйінің бас директоры, әзербайжандық кәсіпкер Руфат Рзаев айтып берді.

«Қазақстан елшісі Сержан Әбдікаримовпен кездесу кезінде маған Қазақстанның және Әзербайжанның сауда нарығын білетін адам ретінде Қазақстанның Сауда үйін құру туралы ұсыныс айтылды, себебі ӘР-да бұрын-соңды мұндай құрылым болмаған. Барлығын зерттей келе серіктестікке келістім. Оның үстіне Нұр-Сұлтанда Әзербайжанның Сауда үйі жұмыс істеп тұр», - деді ол.

Сауда үйін құрудың пайдасы қандай деген сұраққа жауап бере отырып, Қазақстанда сапалы тауарлар өндірілгенімен Әзербайжанда қазақстандық өнім танымал емес екенін атап өтті. Алғашқы кезеңде Әзербайжанның сауда нарығында қазақстандық азық-түлік пен ауылшаруашылығы өнімдерін және халық тұтынуға арналған тауарларды ұсынамыз, содан кейінгі кезеңде жеңіл және тоқыма өнеркәсібін қосамыз, деді Руфат мырза.

Сонымен қатар, сұхбаттасушы қазақстандық кәсіпорындарға іскерлік ахуал және ӘР-дағы инвестициялық жобалар бойынша ақпараттық кеңес беруге дайын екендіктерін атап өтті.

«Бұл идея пандемияға дейін айтылған еді. Бірақ шешім қабылдауға уақыт қажет болды және карантин шектеулеріне байланысты Қазақстанның сауда үйін ашу жоспарын кейінгі шегуге тура келді. Дегенмен, шектеуге қарамастан қазақстандық өндірушілер және экспорттаушылармен бейнекездесу өткізіп, заңды тұлғаны тіркедік. Тікелей әуерейстері ашылғаннан кейін қазақстандық өнімді жеткізушілердің Бакуге келуі мен әзербайжандық серіктестер мен дистрибьютерлерге арналған тауарлар көрмесін ұйымдастырамыз. Сайт пен әлеуметтік желілерден парақша ашуды жоспарлап отырмыз», - деп жоспарымен бөлісті кәсіпкер.

Әңгіме соңында ол Әзербайжандағы сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларға қызығушылық танытқан барлық қазақстандық кәсіпкерлерді Сауда үйіне шақырды.


Соңғы жаңалықтар