Әзербайжан ОСК президент сайлауына 12 үміткерді тіркеді

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат - Әзербайжанның Орталық сайлау комиссиясы 2018 жылғы 11 сәуірде өтетін кезектен тыс президент сайлауына 12 үміткерді тіркеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Әзербайжандағы меншікті тілшісі.

ОСК Әзербайжан Республикасының қазіргі президенті Илхам Әлиевтің, «Біртұтас Әзербайжан» Халық фронты партиясының төрағасы Гудрат Гасангулиевтің, «Ұлттық жаңғыру қозғалысы» партиясының лидері Фарадж Гулиевтің, «Әзербайжан Социалды-демократиялық партиясының» басшысы Араз Әлизаданың, «Заманауи Мусават» партиясының басшысы Хафиз Гаджиевтің, «Либералды-демократиялық партияның» басшысы Фуад Әлиевтің, Майдангерлер бастамашыл тобының атынан Рази Нуруллаевтың, Адвокаттар алқасының мүшесі Анар Умудовтың, «Ақ партия» басшысы Турал Аббаслының, парламент депутаты Захид Орудждың, сондай-ақ өзін-өзі ұсынған Асиф Мамедов пен Эльшан Гасановтың кандидатураларын бекітті.

Еске сала кетейік, Әзербайжанда кезекті президент сайлауы 2018 жылғы 17 қазанда өтуі тиіс еді. Ағымдағы жылдың 5 ақпанында ел президенті И. Әлиев 2018 жылғы 11 сәуірде кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы өкімге қол қойды.

2016 жылдың күзінде ӘР Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес, ел президенті 7 жыл мерзімге сайланады.

«Жаңа Әзербайжан» билеуші партиясы 8 ақпанда өткен съезде И. Әлиевтің кандидатурасын бекіткен.

Соңғы жаңалықтар