Әзербайжан азаматтары көбіне Қазақстанның қай өңірлерінде уақытша тұрып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020-2021 жылдары пандемияға байланысты Қазақстан мен Әзербайжан арасында сапарлайтын азаматтар саны азайды. Бұл туралы Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Сұлтанбек Мәкежанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда екі ел арасындағы әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық жылдан жылға артып келе жатыр. Ол туралы келесі статистика мәліметтерінен байқауға болады. Мәселен, 2018 жылы Қазақстанға 50 мыңға жуық Әзербайжан азаматы келсе, 2019 жылы 48 мың азамат келген. Керісінше Қазақстаннан 2018 жылы 29 мың, 2019 жылы 28 мың азамат Әзербайжанға барған. 2020-2021 жылдары пандемияға байланысты сапарлайтын азаматтар азайған», - деді сенатор.

Оның айтуынша, елімізде Әзербайжан азаматтарының көбісі Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында уақытша тұруда.

«Осындай жағдайда, 2020 жылы Қазақстан Республикасында болу ережесін бұзған үшін әкімшілік жауапкершілікке 415 Әзербайжан азаматы тартылды, ал 112-сі елімізден тыс жерге шығарылды. Сәйкесінше 2021 жылы, дәл осы көрсеткіштер 148 және 14 Әзербайжан азаматын қамтып отыр. Сондай-ақ бүгінгі таңда тіркелген мерзім аяқталғаннан кейін мемлекетімізде заңсыз қалып қалған 75 азамат анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың 4-еуі соттың шешімімен елден шығарылған», - деді Сұлтанбек Мәкежанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.

Келісімді ратификациялау көші-қон ағындарын реттеу, азаматтық мәселелерін шешу және заңсыз көші-қон желілерін анықтау үшін қолайлы жағдай жасайды.


Соңғы жаңалықтар