Әзербайжан арқылы мұнай тасымалдау жоспары жоқ – Энергетика министрі
2022 жылғы 13 тамыз 01:47

Әзербайжан арқылы мұнай тасымалдау жоспары жоқ – Энергетика министрі

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Қазақстаннан Әзербайжан Республикасы арқылы мұнай тасымалдау жоспарланып отырған жоқ. Бұл туралы Энергетика министрі БолатАқшолақов Атырауда өткен брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің пікірінше, ұлттық компаниялар арасында мұндай мәселені талқылауы мүмкін. Бірақ Энергетика министрлігінде дәл осындай келісімге қол қою мәселесі жоспарланбаған.

«Мұндай ақпаратты оқыдым. Бірақ мұндай мәселелер техникалық тұрғыдан ұлттық компаниялар деңгейінде қарастырылып, талқыланатынын айтқым келеді. Өйткені талап сондай. Мәселе қыркүйек айында мұнай жөнелту жөніндегі келісімге қол қою туралы болып отырған жоқ», -деп мәлім етті Болат Ақшолақов.

Ол талқыланып жатқан бұл мәселе экспорт мәселесін шешуге көмектеспеуі мүмкін екендігін айтты.

«Ақпараттық ресурста айтылып жатқан көлеммен біздің экспорттық бағыттағы проблеманы шешу ақылға сыймайды. Неге? Өйткені, біріншіден, аталған бағытпен 1,5 млн тонна мұнайды экспорттау қазіргі ахуалды айтарлықтай жеңілдетпейді. Екіншіден, біздің министрлікте дәл мұндай келісімге қол қою жоспары жоқ», -деді министр.
Айта кетсек, әлемдік Reuters агенттігінде Қазақстан Әзербайжан аумағымен өтетін мұнай құбырлары арқылы жылына 1,5 миллион тонна мұнай экспорттауды жоспарлап отыр деген сыңайда мақала жарияланды.

Оның үстіне бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай тасымалдау ісін әртараптандыруды маңызды міндет деп атап, тиісті тапсырма берген еді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT