«Азбука жилья» басшысына қатысты іс Австрияда қаралады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Азбука жилья» құрылыс компаниясының бұрынғы басшысы Ерқанат Тайжановтың ісі Австрияда қаралуы мүмкін. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бізде Австрия Республикасымен қылмыскерлерді беру туралы келісім жоқ. Ал енді тиісті құжат болмағаннан кейін, Австрия тарапы адамды беруден бас тартуға құқылы. Осы орайда олар тиісті өтініштен бас тартты. Халықаралық тәжірибеде «қылмыскерді бер немесе өзің сотта» деген қағида бар. Біз барлық материалды қазір аударудамыз және Австрияның құқық қорғау органдарына тапсырып жатырмыз. Сондықтан да аталған елде қылмыстық қудалау шаралары басталды», - деп түсіндірді Ж. Асанов.

Бас прокурор қазіргі кезде аталған іс бойынша материалдар ішінара тапсырылғанын атап өтті.

«Айыптау материалдары елеулі көлемде. Бұл тұрғыда мыңдаған құжат қамтылған. Сондықтан осының барлығын тапсыруға белгілі уақыт керек, яғни олардың барлығын Австриядағы қылмыстық процестің тіліне аударуға тиістіміз», - деп нақтылады ол.

Айта кетейік, халықаралық іздеуге жарияланған  Ерқанат Шарапатұлы Тайжанов 2016 жылдың 13 мамырында Австрияның құқық қорғау органдарымен бірлескен жедел іздестіру шаралары барысында осы елде ұсталды. Оған сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және талан-таражға салу айыбы тағылған. Тайжанов 2012-2015 жылдар аралығында «Азбука жилья» компаниялар тобының иесі бола тұра, үлескерлердің 40 млрд теңгеден астам қаржысын заңсыз иемденген. «Азбука жилья» құрылыс компаниялары тобының басшыларынан «Айсанам», «Айсанам де люкс», «Комсомольский», «ExpoCity», «ExpoTown», «Комфорт», «Гарант», «Жеті Жол», «Садовые кварталы» және «Династия» тұрғын үй кешендерінің үлескерлері зардап шекті.

Соңғы жаңалықтар