Азаттық аңсаған қазақ: «Алтайдан Анадолыға» деректі фильмінің тұсаукесері өтті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін елордада Түркиядағы қандастар көшінің 70 жылдық тарихына арналған «Алтайдан Анадолыға» деректі фильмінің тұсаукесері өтті.

Ашық көрсетілімге тарихшылар, зиялы қауым және мәдениет саласының өкілдері мен журналистер қатысты.

Деректі фильмде Тибет, Үндістан мен Пәкістан арқылы өтіп, Түркиядан пана тапқан қандастар тағдыры, ұлт тарихындағы ең ұзақ саналатын қазақ көшінің тарихы баяндалады. Фильм авторы – Азат Рыстанбек.

Берері мол, тағылымы зор тарихи картинаны «Отандастар қорының» ұсынысы бойынша «Qazaqstan» ұлттық арнасының шығармашылық тобы қазақтар қалың шоғырланған Түркия аймақтарында түсірген.


Ұлтымыздың тамыры терең тарихын жаңғыртып, ата-бабалар рухына тағзым еткен тартымды хабар барысында азаттық аңсап, Алтайдан Анадолыға ауған 20 мың қазақтың көшіп-қонған18 жылда шеккен азабы мен көзсіз ерлікпен еңсерген 20 мың шақырымдық жолы көзі тірі куәгерлердің ескірмейтін естеліктері арқылы әсерлі жеткізілген.

Сонымен қатар деректі фильмде түрік ғалымдарының құнды тарихи зерттеулері де орайлы орнын тапқан.


Гималайдың құзы мен жарын асып, жанкешті қайсарлықпен арып-ашып, ақыр аяғында 1952 жылы Түркияға әупірімдеп жеткен 1852 қазақтың Анадолы жеріндегі жаңа ортаға бейімделуі, өсіп-өркендеу жолы және тап қазіргі таңдағы жай-күйі - басты тақырыпқа тамызық болған.

Шығармашылық топ түсірілім барысында қазақтар алғаш қоныстанған Ыстанбұлдың Зейтінбұрны және Бағжылар ауданына, Ниде аймағындағы Алтай ауылына және Анкара, Измир, Салихлы қалаларына барып, түрік жеріне алғаш қоныстанған қандастар, көш куәгерлері Зылиха Қамзақызы, Қалия Әділбекқызы, Арыстан Шәдетұлы, Мансұр Тәйжі және олардың ұрпақтарымен тілдесіп қайтқан.

«Жалпы, фильмді түсірудегі мақсатымыз – кейінгі буынға ұлт тарихындағы ең ұзақ, ең азапты көштің мәнін түсіндіру болды. Қиын замандардан өтіп, жат жерде тұрақтауға мәжбүр болған қандастарымыз арада қанша жылдар өтсе де, әлі күнге дейін елді, туған жерді ұмытпай келеді. Атамекенін аңсаған қандастарға біздің де қамқорлығымыз, ілтипатымыз зор. Әрине, сол заманның ауыртпалығын да, біздің қандастарымызға деген құрметімізді де бір фильмге сыйғызу мүмкін емес. Мұндай жобалар алдағы уақытта жалғасын табады. Бүгінгі фильм де ұлт тарихындағы айтулы көштің 70 жылдығынан бөлек, екі ел арасындағы байланыстың 30 жылдығына арналып отыр», - деді шараның ашылуында «Қазақстан» ұлттық арнасының басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

Деректі фильмнің телевизиялық нұсқасы «Qazaqstan» арнасынан Тәуелсіздік күні қарсаңында эфирге шығады.

Айта кетейік, 26 қараша күні Түркияның Ыстанбұл қаласында «Алтайдан Анадолыға: Азаттық аңсаған қазақ көші» атты деректі фильмнің түрік тіліндегі тұсаукесері өткен болатын.


Соңғы жаңалықтар