«Азат шаңырағы» ПИК-тің бұрынғы төрағасы Қайырлы Омар екі жылға сотталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Азат шаңырағы» жеке пәтер иелері кооперативінің бұрынғы төрағасы Қайырлы Омар екі жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық сотының сайтына сілтеме жасап.

Сотқа дейінгі тергеу органы Қайырлы Омарға ҚР ҚК-нің 189бабы 4-бөлігі 2-тармағына сәйкес (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) 12 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырды деп айып тақты.

«Соттың істі қарауы кезінде айыптаушы тарап Қайырлы Омардың аталмыш әрекеттік жасауына жеткілікті дәлел келтіре алмады. Сот жеке тергеу амалдарын, атап айтқанда, тінту және қарау хаттамаларын, сот-экономикалық сараптама қорытындысын жарамайтын дәлелдер қатарына жатқызды. Олар қылмыстық-процессуалдық заңға қайшы түрде алынған деп танылды», делінген хабарламада.

Сот тек «Азат шаңырағы» жеке пәтер иелері кооперативінің иелері болып табылмайтын тұлғалардан заңсыз түрде қосымша ақша жинау дерегін анықтады. Осыған байланысты Қ.М.Омардың іс-әрекетін айыптау бабы ҚР ҚК-нің 250-бабы 1-бөлігіне («өкілеттікті теріс пайдалану») өзгертілді.

«Нұр-Сұлтан қаласының №2 Сарыарқа аудандық соты Қайырлы Омарды ҚР ҚК-нің 250-бабы 1-бөлігі бойынша айыпты деп танып, 2 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады», делінген үкімде.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар