Азат Перуашев жеке адамдардың қаржылық мәселесіне қатысты ұсыныс айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Азат Перуашев «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңды қабылдау қажет екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы кезде қоғам мен Мәжілістегі біздің әріптестер тарапынан несие рақымшылығын жүргізу мәселесі көтеріліп келеді. Бұл бастамаға пандемия кезінде халық табысының төмендеуі мен тұралап қалған шағын және орта бизнесті ескере отырып, назар аудару керек», - деді А. Перуашев Мәжілістің жалпы отырысында жариялаған депутаттық сауалында.

Осы орайда ол несие рақымшылыған қатысты табыссыз қалған адамдардың талабы орынды екенін жеткізді

«Дегенмен бұл талаптар азаматтардың үнемі қарыз тұзағына түсуінің негізгі себептерін шешпейді. Осы себепті шешпей, рақымшылық туралы мәселе жыл сайын қайталана береді», - деді депутат.

Осы орайда ол өткен жылы табысы төмен адамдардың банк қарыздары 106 млрд теңгеге жабылғанын еске салды. Алайда қазіргі кезде проблема ушыға түскен, өйткені оның себептері жойылмаған. Бұл тұрғыда екі себеп бар. Біріншіден, банктердің пайыздық талаптары негізсіз жоғары болып тұр. Екіншіден, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңнаманы қабылдау мәселесі шешілмеген. Бұл құжат төлем қабілеті төмен отбасыларға несиеден қорғалуға, баспанасы мен әлеуметтік кепілдікті сақтауға мүмкіндік берер еді.

А. Перуашевтің пайымынша, барлық ипотекалық, тұтынушылық несие мен шағын және орта бизнес үшін несие пайыздарының шекті ставкаларын төмендету бойынга шараларды қабылдау керек. Сонымен қатар, «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасын даярлап, талқылауға енгізу қажет.

«Бұл қадамдар жасалмаса, несие рақымшылығы туралы талаптар тұрақты түрде жарияланып тұрады. Бұл өз кезегінде қаржы жүйесіне нұқсан келтіреді», - деді Азат Перуашев.

Еске сала кетейік, жақында Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров жеке тұлғалар үшін кең ауқымды несие рақымшылығын жүргізу қажеттігін айтқан еді.



Соңғы жаңалықтар