Азат Перуашев Президент сайлауына кандидат ретінде неге қатыспайтынын айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Президент сайлауына неге қатыспайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Төраға неге сайлауға түспейді деген сұрақтар қойылды. Мұндай ұсыныс түскен. Кеше кеңесте айттым. Бірақ мен үшін ең алғашқы орында өзімнің жеке амбицияларым емес, елімізге қызмет ету деген ұғым бар. Өз амбициямды алдағы уақытта іске асыра жатармын», - деді Азат Перуашев партияның кезектен тыс ХІХ съезінде.

А. Перуашев «Партия құрамында халықаралық деңгейге шыға алатын, саяси мансабы көңілден шығатын азаматтар бар ма?» деген сұраққа жауап берді.

«Бұл біздің отыз жылдағы нәтижеміз. Мықты азаматтарымызды өз қабілетіне сай дәрежеге шығармай, түрлі кедергіге салып отырдық. Шынын айтсақ, бұл жүйеміздің кемшілігі. Мен мысалы өзім туралы айтсам, халықаралық деңгейде талай әріптестермен, конгресмендермен кездесіп жүрмін. Бірақ мен өзімді халықаралық деңгейдегі тұлға деп есептемеймін. Егер парламенттік жүйемізді әрі қарай дамытсақ, мұндай адамдар шыға береді. Бірақ оларды өсіру керек, дайындау керек. Жас кезінен бастап, тәрбиелемесек, аяқ астынан бүкіл дүние мойындаған азаматтар шықпайды», - деді А. Перуашев.

Сонымен бірге, А. Перуашев Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау бойынша құрылатын халықтық коалицияға қосылатындарын айтты.

Еске сала кетсек, бүгін «Ақ жол» демократиялық партиясы президент сайлауына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдады.

Партияның кезектен тыс ХІХ съезінде президент сайлауына қатысуға жетісулық журналист Сандуғаш Дүйсенова, Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев және «Ақ жол» ҚДП Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, кәсіпкер Асқар Садықов ниет білдірген еді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатруасын 74 адам – қатысушылардың 64,1 пайызы қолдаған.



Соңғы жаңалықтар