Азаптаулар мен адамгершілікке жатпайтын жазалау түрлерінің ұлттық алдын алу тетігіне арналған заң жобасы мақұлданды - Мәжіліс

None
None
АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаптаулардың және басқа да қатыгез,

адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алуға бағытталған ұлттық алдын алу тетігін жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Аталған құжат Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияны іске асыру мақсатында әзірленген.

Бұл ретте, заң жобасының мақсаты түзеу мекемелері мен тергеу изоляторларында, алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертіне шалдыққан ауруларды емдеуді жүзеге асыратын мекемелерде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, қоғамдық байқаушы комиссиялар мен қоғамдық бірлестіктердің үнемі болу жүйесін ұлттық алдын алу тетігі ретінде бекітуді көздейді. Сондай-ақ, аталған тұлғалар мен ұйым өкілдері қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарында, арнаулы және ерекше режімдегі білім беру ұйымдарында ұдайы бола алатыны қарастырылады.

Осыған орай, заң жобасымен ҚР Қылмыстық кодексіне, Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексіне және бірқатар заңнамаларға өзгерістер енгізу ұсынылады.

Мәжіліс мақұлдаған құжат Сенаттың қарауына жолданады.

Соңғы жаңалықтар