Азаматтық процестік кодекс жобасы дауларды сотқа дейін реттеуге басымдық береді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа редакциядағы Азаматтық процестік кодекс жобасы негізінен дауларды сотқа дейінгі реттеу мәселесіне басымдық бермек. Бұл туралы бүгін Сенаттың Конституциялық заңнама, сот билігі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы барысында мәлім болды.

Естеріңізге сала кетейік, аталған кодекс жобасы Мәжілісте мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілген болатын.

Атап айтқанда, жаңа редакциядағы Азаматтық процестік кодекс жобасы бойынша iстi сот талқылауына дайындау сатысында шешiлетiн мәселелер шеңберiн кеңейту арқылы iстi дайындау сатысын жетiлдiру қарастырылып отыр. Бұл ретте iстi сот талқылауына дайындау мерзiмi ұзартылып, сотқа қуыным арызы қабылданғаннан кейiн судья мен процеске қатысушылардың әрекеттерi нақты регламенттеледі. Сонымен қатар, істi сот талқылауына дайындау барысы мен бiрiншi сатыдағы сотта айғақтарды ұсыну тәртiбi жақсартылады. Бұған қоса, дауларды сотқа дейiнгi реттеу мәселесi кеңейтiлiп, азаматтық процестегi тараптар өкiлдiгiнiң институты жетiлдiрiлмек.

«Кодекс жобасында біз бітімге келу процедураларын қарастырдық. Бұл ретте тараптар мен адвокаттар орын алған оқиға бойынша шешімдер табу жолдарын белсенді түрде қарастыратын болады. Сонымен қоса, мәселелер, даулар мен жанжалдар басқа тәсілдермен шешімін табады. Сот келісімге келудің заңға сәйкестігін және үшінші тұлғалардың құқығы бұзылмағандығын тексереді», - деді ҚР Жоғарғы сотының судьясы Ұлболсын Сүлейменова.

Оның айтуына қарағанда, ендігі күні жаңа кодекс жобасына сәйкес, азаматтар сотқа соттасу үшін жүгінбейді, барлық даулы мәселелерінің шешім табуын талқылау үшін диалогтық алаң ретінде жүгінетін болады. «Бұл ретте, әрине, көп мәселелер негізінен туыстар, көршілер, еңбек ұжымдары арасындағы дауларға байланысты болып отыр. Егер сот процестік заңнама аясында тараптардың келісімге келуіне көмек жасайтын болса, онда дауласушы тараптардың қатары да азая түседі деп ойлаймын», - деді Жоғарғы сот судьясы.

Соңғы жаңалықтар