Азаматтық қоғамның мүддесін білдіру Қоғамдық кеңестердің негізгі қызметіне айналады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірден айта кететін мәселе, азаматтық қоғамды дамыту туралы әңгіме негізінен жеке тұлғадан бастап, қоғам мен мемлекеттің даму деңгейін тұтастай қамтиды. Тіпті, қайсыбір сарапшылар кез келген ел туралы ой өрбіткенде сол елдің азаматтық қоғамының тыныс тіршілігіне бірінші кезекте назар аударады. Бұл шындығында да солай болуы шарт. Өйткені, азаматтық қоғамның өзі азаматтардан, қоғамнан, мемлекет пен құқықтан қалыптасады емес пе? Ал мұндағы басты құндылықтар - адам өмірінің сапасы, жекеменшік құқығы секілді мәселелерді қамти отырып, қоғамның өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталады. Осылайша, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық және мәдени-құқықтық қатынастары жинақтала келе, демократиялық құндылықтар ілгерілеп, дамиды.

Әлбетте, мұндай істе үкіметтік емес ұйымдардың орны ерекше. Сонымен қатар, Елбасы айқындаған реформалар аясында үкіметтік емес ұйымдар да өз белсенділігімен танылуы маңызды екені белгілі. Өйткені, Елбасының соңғы сайлаудағы тұғырнамасы ретінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының күн тәртібіне шығаруының өзі заман талабынан туындап, ондағы көрсетілген әрбір мәселе қоғам дамуы үшін маңызды әрі ел экономикасының ғана емес ұлттың әлеуметтік, мәдени-рухани саласының ілгерілеуіне де зор ықпалын тигізетіні анық. Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы жүктеген маңызды міндеттердің бірі «Мәңгілік Ел» қоғамын құруға негізделеді. Ендеше, осы мақсатқа біртұтас мемлекет болып қол жеткізу үшін биліктің де, азаматтық қоғамның да күш-жігері бір арнаға тоғысуы шарт.

Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасы аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға байланысты қазіргі таңда заңнамалық негіз қаланып жатыр. Парламент қабылдаған заңдардың басым бөлігі келер жылдың қаңтарынан күшіне енеді. Соның ішінде «100 нақты қадамның» 31-қадамындағы: «Қоғамдық кеңестердің мәртебесі мен өкілеттігі заңды түрде бекітілетін болады» деген Елбасы тапсырмасына орай «Қоғамдық кеңестер туралы» жаңа редакциядағы заң да қабылданған болатын. Ал бұл заң азаматтық қоғамды дамытуға қалай әсер етеді? Осы жағына мән бере кетсек.

Бір топ Мәжіліс депутаттарының бастамашылығымен әзірленген құжаттың басты мақсаты еліміздегі Қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесін бекіту, оларды қалыптастыру және халық алдында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру бағытындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруды қамтамасыз ету болып табылады. Бұдан бөлек, жаңа редакциядағы заң арқылы барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешім қабылдауына қоғамдық институттар мен азаматтарды кеңінен тартуға бағытталған қызметтері де ұйымдастырылмақ. Бұл ретте қоғамдық кеңестер арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда орталық министрліктермен, ел Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдармен, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін органдармен, сонымен қатар, жергілікті мемлекеттік, өзін-өзі басқару органдарымен бірлесе отырып құратын консультативтік-кеңесші және байқаушы органдар ретінде жұмыс істейтін болады.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда еліміздегі орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жанында көптеген кеңестер мен комиссиялардың жұмыс істеу тәжірибелері баршылық. Олардың басым бөлігі едәуір ықпалды қоғамдық жұмыстарды да атқару үстінде. Алайда, олардың мәртебесі мен өкілеттіктері ешбір заңмен белгіленбеген. Міне, жаңа заң осындай олқылықтың да орнын толықтыратын болады.

Сонымен қатар, өңірлерде түрлі талқылаулар өткізілумен қатар әлемдік тәжірибелерге де жіті назар аударылған. «Әлемнің әр елдерінде қоғам мен билік арасында Қоғамдық кеңестер әріптестік, консультациялық тетіктер ретінде белгілі тәжірибе жинақтаған. Демократиялық елдерде белгілі бір мәселе бойынша қоғамның ойы мемлекеттік саясаттың орындалу бағытына айтарлықтай әсер ететіні бар. Мысалы, Францияда Экономикалық және әлеуметтік кеңес қызметі Конституцияда қарастырылған. Чехияда қоғамдық кеңестің қызметі Президенттің нормативтік-құқықтық актілерімен реттеледі»,- дейді бастамашы депутаттың бірі Қуаныш Сұлтанов. Оның айтуынша, Қоғамдық кеңестердің институттар мен азаматтардың барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдерге кеңінен қатынасуын қамтамасыз ету бойынша қоғамның жауапкершілік нысаны арттыра түседі.

Қоғамдық кеңестер қызметіне келсек, олардың қызметіндегі басты нысан - қоғамдағы маңызды мәселелер бойынша қоғамның пікірін білдіру болып табылады. Яғни, Қоғамдық кеңестер түрлі мәселелерге қатысты қоғамның пікірін билік органдарына жеткізеді, өз кезегінде билік органдары ондай ұсынымдарды қарауға міндетті болып табылады. «Қоғамдық кеңестер шешімдері ұсынымдық сипатта болады әрі олар міндетті түрде қаралуға жатады. Сонымен қатар, Қоғамдық кеңестердің берген бағасы мемлекеттік органдардың рейтингін айқындаған кезде ескеріледі. Бастапқы кезеңде Қоғамдық кеңестер құрамын бекіту аумақтарда мәслихат хатшысына жүктеледі. Мәслихат хатшысы жұмыс тобын құрады, ол мәслихат хатшысы, ішкі саясат басқармасының басшысы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалының, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың, саяси партиялар мен азаматтық қоғамдардың өкілдерінен құралады. Ал мемлекеттік органдардың қызметі қоғамдық бақылау объектісі болып табылады», - дейді Қуаныш Сұлтанов.

Атап өтер жайт, заңға сәйкес, Қоғамдық кеңестер дербес қызмет ететін тәуелсіз құрылым болып табылады. Олар республикалық және жергілікті кеңестер болып екі деңгейде қызмет етеді. Республикалық кеңестерге арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда, қоғамдық институттар министрліктермен, ел Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдармен, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін органдармен бірлесе құрылатын кеңестер жатады. Ал жергілікті деңгейдегі кеңестер бойынша ауыл, село, кент, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала деңгейіндегі қоғамдық кеңестердің қызметі жергілікті қоғамдастық жиналысына жүктеледі. Қоғамдық кеңестердің отырыстары мен бүткіл қызметі ашық болады. Олардың ұсынымдары Қазақстанның заңнамасында көзделген шешімдерді қабылдайтын және уәжді жауаптар беретін мемлекеттік органдардың қарауы үшін міндетті болып табылады.

Түйіндей айтқанда, Қоғамдық кеңестердің негізгі қызметі - азаматтық қоғамның мүддесін білдіру және мемлекеттік шешімдерді, жергілікті маңызы бар мәселелерді талқылау әрі қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, ортақ және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.

«Ашықтық тұрғысынан келсек, Қоғамдық кеңес жұмысының жариялылығына қатысты жұртшылықпен мемлекеттік органдар арасындағы іс-қимыл бойынша халыққа ақпарат беру сайттарда, БАҚ-та, соның ішінде онлайн режімінде кеңес құрамы, отырыстар күн тәртібі, қабылданған шешімдер туралы ақпараттар беріледі. Баспасөзде, интернетте қоғамдық кеңес есептерін жариялау, әлеуметтік желілерде интерактивтік сұхбат жүргізу шаралары қамтамасыз етіледі», - дейді депутат Қуаныш Сұлтанов. Құжатта қамтылған және бір жаңалық «қоғамдық бақылау» ұғымын енгізуге байланысты болып отыр. Бұл ретте қоғамдық бақылау деп қоғамдық бақылау субъектілерінің, қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау, қоғамдық сараптама және мемлекеттік орган жұмысының нәтижелері туралы есепті тыңдау нысандарында жүзеге асырылатын қызметтер түсіндіріледі.

Осылайша, жаңа заң арқылы елімізде халық алдында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешім қабылдауына қоғамдық институттар мен азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты іске асырушы маңызды құрал ретінде Қоғамдық кеңестерді құруға құқықтық негіз қаланады. Ал ондай Қоғамдық кеңестер қызметі арқылы билік жүйесін қоғамға жақын, ашық болуына, конституцияда белгіленген демократиялық қоғам қалыптасуға ықпал ететіні болжанып отыр.

Соңғы жаңалықтар