Азаматтық борышын өз өмірінен жоғары қойған М. Суамбеков жайлы үзік сыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әлемде өзгенің бақыты мен тыныштығы үшін өз өмірін құрбан етуге даяр тұратын жандар бар. Олар ешқашан көрсеткен көмегі үшін ақы сұрамайды.

Жүрегі «адамзат» деп соққан жандар қөпшілікке түсініксіз көрінетін «ұлы мақсат» жолында адал қызмет етеді. Олар өзге адамдарға мына тіршіліктің мән-мағынасын өз іс-әрекетімен түсіндіреді. Психологияда бұл жұмбақ феномен альтруизм деп аталады. «Ұлы мақсат» жолында қаншама байлар сәулетті сарайларынан қашып, аш-жалаңаштардың қасында жүрді?!

Қаншама ғалымдар салқын жайларынан безіп, ауру меңдеген Африкада бір адамды арашалап қалу үшін жанын пида етті?!

Кей адамдар үшін бұл әбестік болып көрінуі мүмкін. Бірақ, солардың арқасында жер бетінен мейірім мен жанашырлық, қайырымдылық жойылмай тұр. Жасыратыны жоқ, кез келген адамның кеудесіндегі жүрек олай соға бермейді.

Қалай десек те, қамшының сабындай қысқа ғұмырын өзгелердің бақыты жолында сарп ететіндерге ерекше тағзым...

Біздің мақаламыздың басты кейіпкері Мақсат Суамбеков те сондай ерекше жаратылған азаматтардың бірі еді.

Алматы облысы, Райымбек ауданы, Сарыбастау ауылында 1958 жылы дүниеге келген ол мектеп бітірген соң 1977 жылы әскер қатарына шақырылады. Жас жігіт Краснодар аймағындағы Жоғары әскери авиация әскерінің 15516 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп, 1979 жылы елге аман-есен оралады.

1986 жылы адамзат тарихында ең зұлмат техногендік апат орын алды. Ол Чернобыль АЭС-індегі жарылыс еді.

Мақсат Суамбеков жақындарының қарсылығына қарамастан 1986 жылы 9 маусымда апат зардабын жоюшылар қатарына өз еркімен қосылып кете барған. Бір жыл бойы ЧАЭС маңындағы апаттың зардабын жоюшыларға жанармай тасушы қызметін атқарды.

«Әрине, бәріміз қарсы болдық. Бірақ, өзі табандап тұрып алды. Сол кезде айналасындағылардың бәрі арнайы қауіпсіздік құралдарын пайдаланып жүрсе, ол оған мән бермеген екен. Ешқашан противогаз, маска кимеген. Кейін келген соң соның зардабын тарта бастады», - деп сабақтады әңгімесін Мақсаттың ағасы Бақытжан Суамбеков.

1988 жылы Арменияның Спитак қаласын түп-тамырымен қоқыс үйіндісіне айналдырған жер сілкінісі болғаны тарихтан белгілі. 1987 жылы Украинадан келген Мақсат Суамбеков бұл жолы да көмекке зәру жандарға қолұшын созуды азаматтық борышым деп тапты. Сөйтіп 1988 жылы ол жер сілкінісінен кейінгі қайта қалпына келтіру жұмыстарына белсене атсалысқан.

Өзінің соңғы миссионерлік сапарын жақындарына айтпай кеткен азамат 1991 жылы наурызда небәрі 33 жасында лейкоз ауруынан көз жұмған.

«Үнемі елге көмек қолын созуға даяр тұратын. Сондай намысшыл, досын еш қиындықта тастамайтын. Өзгелер десе өз өмірін де құрбан етуге даяр тұратын», - деп еске алады досын Сарыбастау ауылының тұрғыны Сапар Рауанов.

Сандар мен деректерге сүйенсек, 1986-1989 жылдары Чернобыль апатының зардабын жоюға 31748 қазақстандық қатысқан екен.

Қазір Қазақстан бойынша олардың 4519-і ғана тірі қалған. Ал, бір Алматының өзінен 5118 адам аттанған болатын.

Соңғы жаңалықтар