Азаматтық авиация саласында сертификаттар беру кезіндегі алымдар жойылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Салық заңнамасында көлік жүйесін одан әрі дамыту қадамдарын енгізіледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында салық мәселесіне арналған заң жобасын талқылау кезінде ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түзетулердің келесі блогы көлік жүйесін одан әрі дамыту қадамдарын ескеріп отыр. Теміржол көлігі саласында нөлдік тарифті қолдана отырып, жолаушылар тасымалдаушыларына магистральдық теміржол желісі қызметтерін көрсету кезінде салық салу мәселелерін реттеу көзделген», - деді Ә. Қуантыров.

Бұдан бөлек ол азаматтық авиация саласында сертификаттар бергені үшін алымдарды алып тастау бойынша нормалар енгізілетінін, өйткені қызметтерді өзін-өзі қаржыландыратын ұйым көрсететінін айтты.

«Сонымен қатар, транзиттік әуе кемелеріне жанармай құю кезінде қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесін қолдануды кеңейту ұсынылады. Қазір жеңілдікті тек әуежайлар қолдана алады», - деді министр.

Мұнымен қоса ведомство басшысы автомобиль тасымалдарын дамыту үшін шығарылған жылы 7 жылдан аспайтын тіркемесі бар жүк көліктерін бастапқы тіркеу үшін алымнан босату ұсынылатынын жеткізді.

Атап айтқанда, бүгін палата депутаттары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексін қолданысқа енгізу туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр. Құжат Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес және Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін әзірленді.


Фото: primeminister.kz





Соңғы жаңалықтар