Азаматтық авиация комитеті рейстердің кешіктірілуіне қатысты түсініктеме берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Азаматтық авиация комитеті Фейсбуктегі парақшасында рейстердің кешіктірілуіне қатысты сынға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бізге жолаушылардың құқығының сақталуы, олардың пікірлері мен кері байланыстың болуы өте маңызды. Алайда комитеттің ең басты басымдылығы ұшулардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», - делінген ААК-ның жазбасында. Комитет осылайша Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары, Ұлттық «Сапа» тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі қоғамы» ҚБ кеңесшісі Әлиакпар Мәтішевтің «Скат» әуе компаниясының Өскеменге рейсі кешігуіне байланысты Фейсбукте жазған жазбасына байланысты жауап берді. Ведомство «SCAT» әуе компаниясы рейстерінің кешіктірілуі және кейінге қалдырылуы жиілеп кетуіне байланысты қазақстандық компаниялардың қатысқан кеңес өткізілгенін еске сала кеткен.

SCAT әуе компаниясының мәліметінше, жаппай кідірістердің өзіндік бірқатар объективті себептері бар. Айталық екі әуе кемесіне ақауға байланысты техникалық қызмет көрсетілуде. Сондай-ақ, әуе компаниясы кідірістерді барынша азайту үшін шаралар қабылдауда.

«Рейстің кешіктірілуі техникалық кемшілігі бар ұшақпен әуеге көтерілгеннен гөрі біршама жақсы екеніне келісесіз. Осы тұста, ақауы бар әуе кемесі ұшулар мен жолаушылар қауіпсіздігі мақсатында ұшуға жол берілмейтінін атап өткен жөн», - делінген комитеттің хабарламасында.

ААК «өкініштісі әлем бойынша рейстердің кешіктірілуі болып тұрады» деп атап өтіп рейстер кешіктірілуінің статистикасын келтіреді. Мысалы,, үстіміздегі жылдың 5 айында Қазақстанда ұшулардың тұрақтылығы 86,18 % болған. Аталған кезеңде еуропалық тасымалдаушылар рейсті 78,3% шамада орындаған, ал АҚШ-та бұл көрсеткіш 82,4% тең. Рейстердің техникалық себептермен кешігуінен басқа, ұшқыштар мен авиадиспетчерлер ұдайы ереуіл өткізіп тұрады (AirFrance, Lufthansa және басқалары).

Жолаушыларға қолайсыздықтарды азайту және рейстердің уақытымен орындалуын қамтамасыз ету үшін авиация комитеті қазақстандық авиакомпанияларға барынша ықпал етеді.

«Авиакомпаниялардың өздеріне рейсті болдырмау немесе кешіктіру өте пайдасыз. Әрбір кешеуілдеу - бұл түспеген табыс, үлкен шығындар деуге болады, әуе компаниясы ұшақтың әуежайда тұруына, экипажға, жолаушыларға өтемақы төлеуіне тура келеді. ҚР қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес тасымалдаушының кінәсінан рейс орындалмаған немесе кідіртілген немесе әуе кемесінің кеш келуі, тасымалдау маршрутының өзгеруі салдарынан рейс кідіртілген жағдайда тасымалдаушы жолаушыларды аттану бекетінде және аралық бекеттерде бірқатар қызметтерді көрсетуді ұйымдастыруға міндетті, соның ішінде салық сусынмен, ыстық тамақпен қамтамсыз етіп, қонақ үйге орналастыру қамтылады.

Сонымен қатар, тасымалдаушының кінәсінан рейс болдырылмаса немесе 10 сағаттан артық кешіктірілсе тасымалдаушы жолаушыны ең таяу рейспен баратын жеріне жеткізуге немесе жолаушы билетінің құнын толық қайтаруға міндетті», - деп атап өткен комитеті.

Сондай-ақ, 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 567-бабына сәйкес, тасымалдаушының кінәсінан рейс орындалмаған немесе кідіртілген немесе әуе кемесінің кеш келуі, тасымалдау маршрутының өзгеруі салдарынан рейс кідіртілген, орындалмаған кезде тасымалдаушының жолаушыға қызметтер көрсету жөніндегі міндеттерді орындамауы не тиісінше орындамауы салдарынан 200 АЕК көлемінде, бір жыл ішінде бұзушылық қайталанса 1 000 АЕК көлемінде айыппұл салынуға әкеліп соқтыратындығын комитеті ескертеді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Астанада «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында 10-нан астам рейстің кешіктірілгені жөнінде хабарланды.

Соңғы жаңалықтар