Азаматтарымыз кейбір адамдардың шектен тыс байып кететініне наразы - Тоқаев

None
None
ҰЛЫТАУ. ҚазАқпарат – Ұлытау облысында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір адамдардың шектен тыс байып кететіні туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Азаматтарымыз саяси қолдауға ие болған кейбір адамдардың шектен тыс байып кететініне наразы. Оған қоса, олар байлықтарының қомақты бөлігін шетел асырып әкеткен. Халықтың ашуын түсінуге болады. Сондықтан, менің Жарлығыммен Арнаулы мекемеаралық комиссия құрылды. Комиссияның міндеті – шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтару. Бұл – өте күрделі жұмыс, ұзаққа созылуы мүмкін. Себебі, көптеген заңдық процедурадан өту керек. Бірақ, біз қалай болса да, бұл мәселемен мұқият айналысуымыз қажет. Әйтпесе, әділетті қоғам туралы сөз қозғаудың өзі қиын болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Президент Ұлытау облысындағы жұмыс сапары аясында Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысына қатысып жатыр.

Кеше Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай құру туралы Жарлығы жарияланды.

Ұлттық құрылтайдың қазіргі құрамында Мәжіліс депутаттары мен ҚХА мүшелерінен, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдерінен, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелерінен, кәсіпкерлерден жасақталған 117 адам бар.

Солардың бір парасын атасақ, ақын Мұхтар Шаханов, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, академик Асқар Жұмаділдаев, экономист Жақсыбек Күлекеев, саясаткер Әлихан Бәйменов, журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат Бәпи, Парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты Нұртай Сабильянов, балуан Дәулет Тұрлыханов, ғалым-биотехнолог Күнсұлу Закария, дінтанушы Қайрат Жолдыбай, ғалым Анар Фазылжанова сияқты есімдер бар.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жазбасына сүйенсек, келешекте құрылтай жұмысына қатысушылар ауыстырылып отыруы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар