Азаматтарға тегін ұсынылатын адвокаттарға бюджеттен қанша бөлінеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2018-2021 жылдары республикалық бюджеттен тегін заң көмегін көрсетуге орта есеппен жыл сайын 1,7 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Әділет вице-министрі Алма Мұқанова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрлік мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы келісім жасасқан адвокаттар мен заң консультанттарының шығыстарын өтейді. 2018-2021 жылдары республикалық бюджеттен тегін заң көмегін көрсетуге орта есеппен жыл сайын 1,7 млрд теңге бөлінді», - деп мәлімдеді Алма Мұқанова.

Оның айтуынша, мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында адвокатқа аса ауыр қылмыстарды жүргізгені үшін – сағатына 1,15 АЕК (3 657 теңге), ауыр қылмыстарға – 0,78 АЕК (2 480 теңге), әкімшілік және азаматтық істер бойынша – 0,56 АЕК (1 780 теңге) төленеді.

Айта кетейік, бұған дейін тегін адвокаттық көмек қандай жағдайда көрсетілетінін жазып едік.

Бұдан өзге, екі жылдың ішінде 22 мыңнан аса қазақстандыққа адвокат электронды форматта тағайындалған.


Соңғы жаңалықтар