Азаматтардың жауапкершілігі жоғары болса, санақ нәтижесі де сенімді болады - А. Мешімбаева

None
None
АНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жалпыұлттық маңызды шара – халық санағын өткізуге де санаулы күндер ғана қалды. Мемлекет үшін үлкен әлеуметтік-экономикалық мәні бар халық санағы Қазақстандағы түгел жұртты, елден тыс жүрген республика азаматтарының барлығын да қамтиды.

Сондықтан да, көптеген статистикалық шаралардан он жыл да бір рет өткізілетін бүкілхалықтық санақтың мәні үлкен. Оның үстіне бұл науқан әрбір ел азаматының үлкен жауапкершілігін талап ете отырып, бүгінгі қоғамның әлеуметтік белсенділігін оятуға, республикада болып жатқан өзгерістерді сезінуге септігін тигізетіні анық. Осы тұрғыдан алғанда айтулы шараға бүгінгі дайындық пен ұйымдастырушылық жұмыстары жайында ҚР Статистика агенттігінің төрайымы Анар Мешімбаваға жолығып әңгімелескен едік.

- Анар Ертөлеуқызы! Ең алдымен халық санағына дайындық мәселесіне тоқталып өтсеңіз. Барлық облыстар бойынша санаққа әзірлік жұмысы толық аяқталды деп айтуға болады ма? Ұйымдастыру шаралары қаншалықты деңгейде орындалды?

- Әрине, бір жағынан қарағанда халық санағының мақсаты қарапайым мәселе секілді көрінеді, бірақ ел өміріндегі маңызды науқан болғандықтан, осы қарапайым дүниені атқарудың өзі оңай шаруа емес. Биылғы жылға жоспарланған санақты өткізуге қатысты барлық нормативтік құқықтық база соңғы екі үш жылдың көлемінде қабылданған болатын. Сондай ақ, ҚР Үкіметінің арнайы қаулысына сәйкес науқанды ұйымдастырумен айналысатын тиісті комиссия құрылып, оның құрамына облыс әкімдерінің орынбасалары мен министрлердің орынбасарлары кірістіріліп отыр. Ал санақ жұмысын ұйымдастыру барысында біз ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан жасалған әдістемелік ұсыныстардың барлығын қағидатты түрде сақтауды толық қамтамасыз ететін боламыз. Яғни, санаққа еліміздің аумағында жүрген әрбір азамат, шет елдерде жүрген қазақстандық азаматтардың барлығы қамтылып, әрбір тұлғалар мәліметі жеке жеке тіркеліп, осы тәртіппен санақтың діттеген мақсатын жүзеге асыратын боламыз. Халық санағының дайындық мәселеріне келер болсақ, еліміздің барлық облыстары және Астана мен Алматы қалалары бойынша санаққа әзірлік жұмысы алдын-ала жасалған іс шаралар жоспары бойынша жүргізіліп жатыр. Мәселен, осы уақытқа дейін көшелердің атауларын бір жүйеге келтіру жұмыстары атқарылды. Республикалық және облыстық деңгейде құрылған халық санағына жәрдемдесетін комиссиялар да жоспарда белгіленген жұмыстарын ойдағыдай атқаруда. Халық санағын жүргізуге тартылатын кадр мәселесі де толық шешілді деп айтуға болады. Санақ жұмысына жалпы алғанда республика бойынша 83 мыңға жуық адам тартылады. Оларға төленетін жалақылар да белгіленді. Жалпы ұлттық халық санағын жоғары деңгейде өткізу мақсатында облыстық статистика департаментінің басшылары, аудандық статистика бөлім басшылары үшін семинарлар, тренингтер де өткізілген болатын. Сондықтан дайындық жаман емес, науқан тиісті деңгейде өтіп, қажетті шаралар толық қамтылады деп ойлаймыз. Сонымен, ұлттық санақ ақпанның 24-інен 25-іне қараған түні сағат 00.00-де басталады. Дәл осы сағаттан бастап санақ есепшілері жұмысқа кіріседі және қаулыға сәйкес белгіленген уақыттан кейін дүниеге келген сәбилер биылғы санаққа кіргізілмейді. Санақ еліміздегі барлық адамдарды қамтиды. Мәселен, бұл бағыттағы есеп тек Қазақстанның азаматтарын ғана емес азаматтығы жоқтарды да, сондай ақ, үйсіз күйсіз жүргендерді де, түрлі себептермен бұрын есепке алынбай қалған жандарды да қамтиды.

- Осыдан біраз бұрын ҚР Вице-Премьері Өмірзақ Шөкеев ұлттық санаққа қатысты акпараттық-насихат жұмысын сынға алған болатын. Осыған қатысты бүгінгі күні атқарылып жатқан шаралар туралы айтып берсеңіз?

- Әрине, мұндай ауқымды дүниеде бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінбеу мүмкін емес. Сондықтан да, БАҚ арқылы тек санақты жарнамалап қана қоймай, бұл науқанның ел үшін маңыздылығын да ашып көрсетуге тырысып жатырмыз. Қазіргі таңда ақпараттық жарияланымдар барлық дерлік БАҚ құралдарында көрініс тауып отыр. Әсіресе, өңірлік баспасөзде бұл мәселе өз деңгейінде жүргізілуде. Теледидар мен радио арқылы ақпараттандыру, жарнама мен насихат жұмыстары науқан жақындаған кезеңде және санақ жұмыстары басталған кезеңде күшейе түседі. Теледидар үшін 19 бейне роликтер, радиодан хабарланатын жиырма шақты ролик дайындалып, қазіргі таңда жұртшылыққа жарияланып жатыр. Ірі қалаларда, көрнекті жерлерде, көшелерде билбордттар да ілінді. Насихат жұмысына орай, еліміздегі байланыс операторларымен де жұмыс жасап жатырмыз.

- Өткен жолы Шығыс Қазақстан облысында санақшылардың атын жамылған алаяқтар қылмысы туралы әңгіме болды. Бұндай жағдай ендігі науқан барысында қайталанбас үшін қандай жұмыстар атқарылуда? Осы жайында жұртшылыққа қандай кеңесіңіз бар? Оның үстіне санақ уақытындағы азаматтардың құқы туралы айта кетсеңіз?

- Шындығында, алаяқтыққа қатысты проблема санақ басталмай жатып туындағаны өкінішті. Дегенмен де, ұлттық науқанды қылмыскерлердің пайдалануына ешқандай жол бермеу қажет. Бұл үшін де құқық қорғау қызметкерлері тарапынан арнайы шаралар қамтылады деп ойлаймын. Сонда да науқан барысында жұртшылықтың ұқыпты болуын сұрайтын едік. Халықтан осы науқанды пайдаланып қалғысы келетін қылмыскерлердің арбауына түсіп қалмауын, сақтықта болуын қатаң ескертеміз. Біздің санақшылардың мойынында науқанның айырмасы көрсетілген шарф, арнайы сөмке, санақшы куәлігі болады. Яғни, кез келген тұрғын өз үйінің есігін қаққан санақшылардан тиісті куәліктерін көрсетуді талап ете алады. Сондай ақ, осы куәліктің жеке куәлікпен сәйкестігін де тексерулеріне болады. Бір жағынан санақ уақытында біздің есепшілеріміздің қауіпсіздігі де қамтамасыз етілуі қажет деп білеміз. Бұл жерде әрбір санақшының жанында бір бір полиция қызметкерлерін қосып бере алмаймыз. Бұлай істесек халықтың үрейін де алуымыз мүмкін. Дегенмен де санақшылардың да қауіпсіздігі назарда болуы қажет. Ал санақшылар тарапына келетін болсақ, есеп жүргізу барысында, сауалнама жағдайында азаматтардан ешқандай құжат сұралмайды. Сондай ақ, азаматтардың сауалнамаға жауап беру-бермеуі олардың өз еркінде. Біз ешкімнің де құқына қол сұға алмаймыз. Бірақ мемлекет дамуына, болашақ жоспарларға қажетті жалпы мәлімет алу үшін әр тұрғын өзінің азаматтық борышын орындауы тиіс. Өйткені, санақ бұл тек елдің санын ғана есептеп шығу емес, бұнда билік органдарына аса маңызды болып табылатын статистика мәліметтері қамтылған. Осы тұрғыдан алғанда, әрбір азаматтың сауалнамаға дұрыс жауап беруіне үндейміз. Ал санақ барысындағы, сауалнама парақтарындағы жауаптар жалпылама мәлімет ретінде ғана пайдаланып, жарияланады. Яғни, сауалнама бойынша алынған жеке тұлғалар туралы мәліметтер басқа ешбір жерде жарияланбайтын болады. Сондықтан да біз азаматтарды еліміздің көптеген көрсеткіштерінің толық бейнесін беретін маңызды ұлттық мағынасы бар іс-шараға қатысуға және науқан барысында азаматтық жауапкершілігін көрсетуге шақырамыз.

 - Осы санақ бұдан бұрын өткізілген санақтан қандай айырмашылықтарымен ерекшеленеді екен?

- Жоғарыда атап өткенімдей, биылғы санақта Біріккен Ұлттар Ұйымының ұсынымдары толық қамтамасыз етіліп отыр. Ол бойынша санақ парақтарындағы сұрақтардың саны 18-ден 45-ке дейін көбейтілді. Атап айтқанда, биылғы санақта көші-қон мәселесіне қатысты сұрақтар, азаматтардың табыстары мен оның шамамен 1 айда алатын деңгейі туралы сұрақтар, дін мәселесі, жоспарлайтын бала саны және тағы басқа да сұрақтар қамтылып отыр. Екіншіден, жалпы ұлттық халық санағына жұртшылықтың жоғары белсенділігі аса қажет. Осы тұрғыдан келгенде санақ мәліметтерін алуды жеңілдету мақсатында әрі тұрғындар үшін де қолайлы жағдай ұйымдастырылып отыр. Мәселен, осы мақсатта арнайы санақ бөлімдері жұмыс істейтін болады. Санақ бөлімдері қандайда бір себептермен осы рәсімнен өтуге мүмкіндігі болмайтын немесе тұрғылықты мекен-жайы бойынша өткісі келмейтін азаматтарды есепке алуды жүргізетін болады. Сондай ақ, санақшылар барған кезде үйлерінде болмаған тұрғындар үшін арнайы парақшалар қалдырылып онда жақын маңдағы санақ учаскесінің мекен жайы мен арнайы телефондар жазылатын болады. Біз санақ бөлімдерін орналастыру кезінде ең бастысы оларға халықтың барынша қол жетімділігін ескердік. Үшіншіден, үйінен гөрі жұмыс орындарында уақытын көп өткізетін мемлекеттік қызметшілер үшін де қолайлы жағдайлар қарастырылады. Атап айтқанда, біз биыл Орталық мемлекеттік орган қызметкерлеріне халық санағы кезінде жұмыс орнында есептен өтуді қамтамасыз ететін боламыз. Яғни, санақ уақытында мемлекеттік органдарда арнайы санақ кабинеттері ашылып, сол жерде жұмыс уақытында қызметкерлердің есептен өтулеріне болады. Сондай-ақ, кез-келген аймақтағы ірі кәсіпорындар мен ұйымдардың, ірі мемлекеттік органдардың тарапынан қызметкерлерді жұмыс орнында есептен (санақтан) өткізу туралы өтініштер болса, ондай мәселе толық қанағаттандырылады. Бұл бір жағынан есепке алушылардың жұмысын да жеңілдеткен болатын еді. Төртіншіден, биылғы жылы санақты сапалы жүргізу үшін және жұмыс нәтижелерін жоғары деңгейде жедел әзірлеу мақсатында Статистика агенттігінің барлық бөлімшелері арнайы техникалармен, компьютермен, автокөлікпен қамтамасыз етілді. Ағымдағы санақ нәтижелері арнайы сауалнама жазылған парақтарды сканерлеу арқылы жүргізілетін болғандықтан, шараның нәтижесі де уақытылы жариялана бастайды деп ойлаймын.

- Биылғы санақтың сауалнама парағына 45 сұрақ енгізіліп отыр екен. Осы сауалдарды жиынтықтай келе, алдағы науқаннан қандай нәтиже күтуге болады?

 
- Санаққа енгізілген сауалдардың барлығы негізінен халықаралық ұйымдардың ұсынған талабынан туындап отыр. Санақ парақшасындағы 45 сауал мен қосымша бланктегі сұрақтар арқылы бірқатар маңызды ақапарттарға қол жеткіземіз. Ең алдымен, санақтағы бірінші маңызды мәлімет бұл Қазақстан халқының саны, өсімі. Сонымен бірге, республика тұрғындарының аумақтар бойынша орналасуы да ел өміріндегі өзекті мәселе ретіндегі жинақтаушы мәлімет болып табылады. Өйткені, осыдан он жыл бұрын жүргізілген санақтан бері қарай республикамыз үлкен көші қондық өзгерістерге ұшырағаны анық. Сондықтан да, мұндай деректер алдағы мемлекет дамуы үшін өте қажетті деп ойлаймыз. Бұдан басқа, санақ бойынша демографиялық сипаттағы ақпараттарға қол жеткіземіз. Оның ішінде бала туу, халық санының өсімін болжау мен халық денсаулығы да қамтылады. Жұртшылықтың білім деңгейіне қатысты да сауалдарға жауап алынады, оның ішінде мемлекеттік тілді білетіндер, шет тілдерін меңгергендер туралы да ақпараттар алынады. Бұдан басқа, елдің әлеуметтік экономикалық тұрмысы ретінде бірқатар сауалдарды қамтыдық. Жалпы осы тұрғыдан келгенде «азаматтардың табысы туралы» сауалды қою керек пе, қоймау керек пе, деген мәселе туындаған болатын. Кейіннен бұл сауалды енгізуді жөн көрдік. Әрине, бұндай жалпылама мәлімет үшін қойылатын сауалға жауап беру немесе жауапсыз қалдыру азаматтардың өз еркінде. Дегенмен де, барлық ақпараттардың құпиялы екендігін ескере отырып, біз жұрттың бұл сауалға да толық жауап беруін қалар едік. Өйткені, азаматтардың жалақысы туралы ақпарат негізінен республика бойынша табыс деңгейін білу үшін ғана қажет болып табылады. Ал отбасының орташа құрамы, еліміздің аумақтарындағы қалай жіктеліп орналасқанын білу еліміздің демографиялық жағдайын болжап отыру үшін қажет.

- Әңгімеңізге рахмет! Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.

Соңғы жаңалықтар