Азаматтардың несиесін өтеп беруде банктердің қатысуы қандай болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандықтардың несиелері бойынша айыппұлдар мен өсімдерді алып тастау банктерге салмақ түсірмейді. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Негізгі борышты өтеу мемлекет тарапынан болады. Жаңа айтылғандай, республикалық бюджеттен 88 млрд теңге көзделеді. Оның ішінде, тағы 17 млрд теңгені мемлекет тарапынан облигация шығарып тартамыз. Сонымен, 105 млрд теңге мемлекет тарапынан келеді. Ал айыппұлдар мен өсімдер бойынша 75 пайызы расында да, қаржы ұйымдары тарапынан өтеледі. Бұл жұмысты Ұлттық банк банктермен және шағын қаржылық ұйымдармен бірге келісім бойынша жасайды. Айыппұл - ол процент. Банктердің өздері қойған проценттері. Бұл банктерге ешқандай салмақ түсірмейді», - деді Әлихан Смайылов бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында.

Оның айтуына қарағанда, екінші деңгейлі банктер мен қаржылық ұйымдарда қарыз несиесі өтелетін азаматтардың тізімі бар.

«Иә, әр банкте, шағын қаржы ұйымдарында жоғарыда аталған әлеуметтік топқа кіретін адамдардың нақты тізімдері бар. Сондықтан, олар осы тізімдер бойынша жұмыс жүргізетін болады», - деді ол.

Сондай-ақ шара барысында Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова нақты қандай санаттағы азаматтардың қарызы өтелетінін тағы еске салды.

«Бұл жағдайда біз нақты Жарлыққа байланысты жұмыс жүргізуіміз керек. Санаттарды айтар болсақ, ең біріншіден, көпбалалы отбасылар. Олар - төрт немесе одан да көп балалары бар отбасылар. Осындай отбасылардың несиесі бар ма - база бойынша қаралады. Екіншіден, асыраушысынан айырылған жағдайға байланысты төлем алатын отбасылар. Яғни, қазір біздің мемлекетте 600 мыңға жуық асыраушысынан айырылған отбасы бар. База бойынша олардың қанша несиесі бары қаралады. Келесі, мүгедек балалары бар отбасылар, 18-ден асқан, бірақ бала кезінен мүгедек балалары бар отбасылар және ең аз қамтамасыз етілген отбасылар, яғни атаулы әлеуметтік көмек алатындар. Осындай отбасылардың да несиесі база бойынша қаралады», - деді ол.

Айта кетсек, еліміздегі әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтар - көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айрылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар және жетім балалар түрлі себептермен қиын жағдайға тап болып, өз аттарына алған несиелік міндеттемелерін орындай алмай отыр.

Тікелей және атаулы қаржылай көмек ретінде жоғарыда аталған санаттағы азаматтар үшін мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйақыны өтейді.

Соңғы жаңалықтар