Азаматтардың БЖЗҚ-дағы қаржысы ешқайда жоғалмайды - министр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жинақталған қазақстандықтардың қаржысы ешқайда жоғалмайды. Бұл туралы «Ашық диалог» бағдарламасында болған ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ашық диалог» бағдарламасын жүргізіп отырған журналист Ұлттық банктің жақында ғана танымал сарапшылардың бірінің пікірін жоққа шығарып, түсініктеме бергенін еске салды. Ол сарапшы «БЖЗҚ-да зейнетақыны төлейтін ақшаның келешекте болмайтыны» туралы жазған еді. ҚР ҰБ бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін, ол сараптаманың арандатушылық сипаты бар екенін мәлім еткен. Бұл мәселеге қатысты ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ол сарапшының пікірі абыройлы баспалардың бірінде жарияланғандықтан, аталмыш мәселе көптің аузына іліккенін атап өтті.

«Зейнетақы жинағы - азаматтардың күн сайын еңбектеніп тапқан ақшасы. Міне, сондықтан ол жинақтағы ақшаны басқаруға деген назар екі есе көп болады. Сол себепті, БЖЗҚ-ның барлық ағымдағы көрсеткіштері - интернет желісінде ашық жарияланып тұрады. Сонымен бірге, әрбір салымшы жеке зейнетақы шоты арқылы кез келген уақытта қаражатты бақылай алады», - деді Дәурен Абаев.

Министр өз сөзінде БЖЗҚ құрылғалы бері оның жылдық инвестициялық табысы инфляция деңгейімен өлшемдес болғанын немесе одан да артып кетіп отырғанын тілге тиек етті.

«Азаматтардың зейнетақы ақшасы ешқайда жоғалмайды», - деді министр.

Журналист осы кезде қазақстандықтардың зейнетақы жинағының қаражаты ЖШС-лардың біріне немесе банкротқа ұшыраған Әзербайжандағы банктердің біріне аударылғанына қатысты жағдай көптің күмәнін үдете түсетінін атап өтті. Бұл сұраққа қатысты Дәурен Абаев аталмыш ЖШС-лардың біріне қатысты сот болып, жауаптылар жазасын алып қойғанын жеткізді.

«Ал Әзербайжан банкіне қатысты жағдай толығымен Қазақстанның пайдасына шешілді. Бұл банктің барлық құжаттарын біз Әзербайжанның облигацияларына ауыстырдық», - деді Дәурен Абаев.

Соңғы жаңалықтар