Азаматтар телефондағы QR-код арқылы электронды қолтаңбасын қоя алады – Бағдат Мусин

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Азаматтардың электронды қолтаңбасы ұялы телефонда сақталады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде мемлекеттік интернет-порталдарды пайдаланушы компьтерге NCALayer немесе Java сияқты қосымша бағдарламаларды орнатуға міндетті. Бұл көптеген қолданушыға қиындық тудырады. Соған орай біз бұл қиындықты әрбір адамның қолындағы мобильді телефон арқылы шешеміз. Мобильді телефонда электронды қолтаңба сақталады не болмаса онлайн режимде биометриялық біріздендіру негізінде өндіріледі», - деді министр Сенат отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның түсіндіруінше, электронды қолтаңда бұлтты форматта сақталады.

«Адам электронды қолтаңбаны қолданғысы келген кезде eGOV mobile-ді ашып, қол қойғысы келген құжатқа QR кодты бағыттайды. Сол сәтте QR-код оқып, ол құжатқа қол қоюға келісім беру түймесін басады. Қол қоюға қатысты бұл процедураның бәрі мобильді құрылғыда және серверлерде жүреді», - деді Бағдат Мусин.

Министр қазіргі уақытта телефон арқылы қол қоюға қажетті инфрақұрылымның әзірленгенін, енді әрбір мемлекетті орган оны соңына дейін пысықтауы тиістігін баса айтты.

«Мемлекеттік порталдарға қатысты айтар болсам, келесі жылы барлық порталды қол қоюдың осынау жаңа тетігіне көшіреміз. Қазақстан азаматтарына ХҚО-ларға барудың, электронды қолтаңбаны флешкаға жазып алудың, сауал жолдаудың қажеті болмайды. Мұның бәрі телефонда болады әрі телефонның көмегімен электронды қолтаңбасын қоюға мүмкіндік алады», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар