Азаматтар құқығының тапталуына жол беруге мүлде болмайды – Тоқаев

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қауіпсіздік саласындағы стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру кезінде азаматтар құқығының тапталуына және елімізде іскерлік климаттың бұзылуына жол беруге мүлде болмайды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Өзгерістердің бәрін табысты жүзеге асыру үшін бізге кез келген қауіпке тиімді қарсы тұра алатын заманауи арнаулы қызмет керек. Ұлттық қауіпсіздік органдары ұлттық мүдделерді қорғауда және күшейіп келе жатқан заманауи сын-қатерлерге қарсы күресте алдыңғы шепте болады. Сондықтан, аналитикалық және ақпараттық барлау жұмыстарына баса мән бере отырып, проблемаларды бастапқы сатысында жою қажет. Қазақстан жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізеді. Сондықтан, еліміздің одақтасы және стратегиялық серіктесі саналатын мемлекеттермен арадағы табысты ынтымақтастықты арнаулы қызметтер саласы бойынша дамыту өте маңызды. Қауіпсіздік саласындағы стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру кезінде азаматтар құқығының тапталуына және елімізде іскерлік климаттың бұзылуына жол беруге мүлде болмайды», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Жаңа Қазақстанды құруға кіріскенін, қоғамның барлық саласында түбегейлі жаңғыртулар жүргізіле бастағанын мәлімдеді. Мемлекет азаматтық қоғамды дәйекті түрде дамытып, демократиялық қағидаттарды қорғайды. Айтуынша, бұл – еліміздің дамуы үшін өте маңызды қадам. Сондықтан, әділдік және заң үстемдігі осы жолда басты бағдар болады.

Президент мамыр айында Ұлттық қауіпсіздік комитетін реформалау, яғни оның қызметін түбегейлі трансформациялау және ұлттық қауіпсіздік жүйесін басқару сапасын арттыру жөніндегі Жарлыққа қол қойғанын еске салды.


Соңғы жаңалықтар