Азаматхан Әміртай Қазақстандағы экологиялық қауіпті проблемаларды атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда экологиялық проблемалар салдарынан кейбір елді мекендерде «өлі теңіз» деген атаумен көлдер пайда бола бастады.

Бұл туралы бүгін Астанада «Байтақ болашақ алянсы» қоғамдық бірлестігі (ҚБ) ұйымдастырған баспасөз мәслихатында аталмыш ҚБ төрағасы Азаматхан Әміртай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Астана, Алматы және барлық облыстың әкімдіктерінде кездесулер өткіздік. Барлығымен меморандумдар жасадық. Жиындарда аймақтардың экологиялық мәселелеріне тоқталып, өзектілерін күн тәртібіне дереу шығардық. Біз облыстардағы экологиялық мәселелердің түйінін шешуде қиындықтар бар екенін байқадық. Мысалы, Солтүстік Қазақстандағы 6 уран кеніші аймаққа өз зардабын тигізіп отыр. Бұл кеніштер қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрмағанын да атап өтейін. Ауыл шаруашылығы саласында да қиындықтар бар. Біздің фермерлер тыңайтқыштарды дұрыс қолдана бермейді. Осының салдарынан жердің құнарлылығы кеміп, тозаңдануға әкеліп соқтырады. Маңғыстау облысындағы «өлі теңіз» аталып кеткен көлге әлі күнге дейін ешкім мән бермейді. Шетелдік ғалымдар бұл көлдің зиянды екенін айтып отыр. Ал Өскемен қаласында радиоактивті қалдықтар көмілген шұңқырдың үстінен балабақша салған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре аламыз. Таза ауа мәселесіне келсек, Алматы, Шымкент, Жезқазған қалаларының ауасы өте лас», - деді ол.

Аталған проблемаларды шешу үшін «Байтақ болашақ альянсы» қоғамдық бірлестігі үкіметпен бірлесіп жұмыс жасамақ.

«Қазақстанда жыл сайын 22 млрд тонна көлемінде шикізат қалдықтары ауаны ластайды. Мұның ішінде түрлі-түсті металлургия саласының үлесі басым. Сондықтан жасыл экономикаға көшуге деген қадамдарды құптаймын. Экологияны ластау, оған мән бермеу үлкен зардапқа әкеліп соқтырады. Біздің альянс мүшелері осы мәселелерге қоғамның назарын аударғысы келеді. Біз бұл орайда Үкіметпен тығыз байланыс орнатып, экологияны ластаудың алдын алу үшін тиімді шаралар қарастыратын боламыз», - деп атап өтті Азаматхан Әміртай.

Соңғы жаңалықтар