Азаматхан Әміртаев: Саяси реформа – заман талабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ой-пікіріміз қандай болса да – Тәуелсіздігімізге кері әсері болмауы керек. «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған мақаласына қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы мақаласында Тәуелсіздігіміз төбеден түспегендігін, бабамыздан қалған аманат екенін айтып, ұлттық құндылық мәселелеріне тереңінен қараған. Расымен де мемлекетімізді күшейту үшін ең алдымен ұлттық рухымызды көтеруіміз керек. Ал ұлттық рух тарихи тамырымызбен тығыз байланысты. Президент осы мәселеге көп көңіл бөлуде», - дейді Азаматхан Әміртаев.

Ол Президент мақаласында жазылған ойдың бәрімен келісетінін айтты.

«Біз Кеңес Одағы тұсында өстік. Біз оқыған тарихтың өзі Кеңес Одағы тарихшылары жазған еңбек еді. Біз сол кезеңде болмаған рухымызды жаңғыртуымыз керек. Біз кең байтақ жерде тұрған батыр бабалардың ұрпағымыз. Қазіргі уақытта тарихи фильмдер түсіріліп жатыр. Бұл да өте дұрыс бастама деп санаймын. Біздің Президентіміз мықты дипломат, мықты саясаткер. Ол ұлттық идеологияны қалай жүргізу керктігін жақсы біледі», - дейді ол.

Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысы саяси реформаларға қатысты орынды ойлар жазғанын айтты.

«Әлем өзгеріп жатқан кезде Қазақстан сол баяғы жоспарлы экономикамен, тек қана мұнайдан түскен қаржыны жаратып өмір сүре алмайды. Сондықтан бізге саяси, экономикалық реформа міндетті түрде керек. Президент елімізде көп партия болу керектігін, пікір де, көзқарас та әралуан болғаны дұрыс екенін, бірақ соның бәрі ұлттық құндылықтарға қатысты бір жерде тоғысуы керектігін айтты. Демек, ой-пікіріміз қандай болса да – Тәуелсіздігімізге кері әсері болмауы керек. Саяси реформа – заман талабы. Мемлекет басшысының төртінші онжылдыққа қойған мақсат, бағдары – дұрыс, енді оның іске асуын қоғам болып қолдауымыз керек», - дейді ол.

Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақала жариялады.



Соңғы жаңалықтар